21.11.2017, 10:37
Қараулар: 374
 » 
Жас мамандардың жаңашылдығы

Жас мамандардың жаңашылдығы

г-816-1

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарияланғаннан бері ұлты үшін алаңдаған әрбір қазақстандық оған өз үндерін қосуда. Н.Ә.Назарбаев айтқандай, «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек». Осы бағытта бірі тарихи жерлерді, бірі кіндік қаны тамған өлкесінің тарландарын таныстыруда. Енді біреулері бұл кезеңді өз туындысына арқау етуде. Сондай игі істердің қатарына аудандық мектептен тыс тәрбие орталығы жас мамандарының қолдарынан шыққан дүниелерді қосуға болады.

Енді көпке түсінікті болуы үшін сол жұмыстардың бірқатарына тоқталайық. Биыл ғана жоғары оқу орнын тамамдап, алған білімдерін кейінгі толқынға үйрету жолын таңдаған сайқындық Гүлмира Құрманғалиева мен ордалық Айымгүл Меңдірасимованың жұмыстарын алғаш «Әйел. Қоғам. Болашақ» атты аудан әйелдерінің форумындағы көрмеден тамашалаған болатынбыз. Біздің назарымызды аударған суреттердің салыну бағыты емес, онда қолданылған материалдар еді. «Бұғылар» суретінде Гүлмираның жетекшілігімен Ақмарал Нұрболат қалдық материалдармен (теректің уақ талдары, кептірілген шөп, мата, т.б.) жайылыстағы жануарды бейнелеген болса, келесі еңбегінде ұмыт бола бастаған киіз басуды қолға алып, оған бабалардың ежелгі дәстүрі – аңға шығуды әдемі бейнелегені көңілімізге ерекше жылылық сыйлады. Ал, онымен бірге істейтін құрбысы Айымгүлдің қазақы тұрмысты, қоршаған ортаны айнымай беретін туындылары 3D форматында (барелиф) істеліпті. Қолөнердің бұл бағыттарын ауданымызда бұрын-соңды ешкім қолданбаған. Өткен мен бүгінді байланыстырған осынау мамандардың идеясымен әріптесі Алмас Нәрегей «Рухани жаңғыру» тақырыбында витраж жасапты. Осы және басқа да жұмыстары сырттай байқауларда жоғары бағаланыпты. Мәселен, жануарларды қорғаудың дүниежүзілік күніне арналған көрмеде Айымгүл Қайырханқызының шәкірті Арман Нариман (6-сынып) «Жануарларды сақтайық!» плакатымен І орынды иеленсе, Гүлмира Серікқызының тәрбиеленушілері Аружан Ұзақбаева мен Жаннұр Ахметкерейдің (2-сынып) қолынан шыққан сувенир Алғыс хатқа ие болған. Өзгелерінің қорытындысы енді келмек. Үміттері ақталарына сенімді. Айта кету керек, бұл екі бойжеткен өнер саласына жолдаманы осыдан төрт жыл бұрын қазір өздері қызмет етіп жүрген орталықтан, яғни, осында өткізілген «Гүлдер» фестиваліне ұсынған жұмыстары арқылы алған екен.

Еңбектеріңіз жана берсін, қос құрбы дейміз біз оларға.

Раушан ЖАНАТҚЫЗЫ.