5.12.2017, 11:13
Қараулар: 481
«Елбасы елеген Ермек» немесе көңіл толқытқан күй кеші

«Елбасы елеген Ермек» немесе көңіл толқытқан күй кеші

Қазақы қанды тасытып, қасиетті күйдің небірін тоқтаусыз төкпелететін шеберлер  бөкейліктер арасында аз болмаған. Домбыра мен көңіл-күйдің пернесін дөп басып, қағысын келістіре білген сәт махаббат пен сезім селі лекіп тұратын жандүниенің нәзік иірімімен үндеседі.

Дала киесі домбыра  шанағынан күмбірлеген күй өнерге құштар өңірдің перзентерін терең бір толғауға түсіргендей… Тұлпар шабыттың шылбырын тартып, жандүниені алақұйын леп кернеп, сезімтал, сырлы саз  ат тұяғындай ойқастаған асау арыны жұмбақ әлем тұнығына тарта жөнелді. Яғни, бірде пәс, мұңлы, біресе, тау-тасты кезген ортекедей орағытып, енді бірде көк аспанда қырандай еркін қалықтаған әуен өз орындаушысын тауып, жергөгінен күй дарыған дархан халықтың шөлін бір қандырғандай болды. Бұл Тәңірдің  таңдаулы адамына ниеті ауып, сыйға тартқан  тылсым өнері ғой, білгенге.

Несін жасырамыз, Хан ордасы ауылдық мәдениет үйінде дәулескер күйші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері, Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматы Ермек Қазиевтің жетпіс жасына арналған «Есімін елі ардақ тұтады» атты  шығармашылық концерт бізді осындай ойға жетеледі. Жүргізуші Ажар Балабасова да күйші өмірінен сыр суыртпақтап, әсерлі әңгіменің өрбуіне мұрындық болды. Әрі бейнеролик көрсетіліп, онда өнер тарланының мәні терең, мерейі тасыған сәттері көрініс тапты. Орда ауылдық мәдениет үйінің директоры қызметін ширек ғасыр абыройлы атқарып, 2001 жылы сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың шақыртуымен облысқа қоныс аударған Ермек Еселұлы Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей, Сейтек бабалардың шығармаларын кейінгі ұрпаққа насихаттаушы ретінде де көпке танымал. Ата-бабаларынан өнер дарыған оның талай домбырашылар додасында жүлделі орынды иеленіп, қанжығасы майланып қайтқаны көзі қарақты оқырманға жақсы таныс. Мәселен, 2006 жылы Алматы қаласында өткен «Күй – керуен»  Көктөбе фестивалінде «Алтын қобыз» иеленсе, 2009 жылы Атырау қаласында оздырылған күйшілер байқауында «Алтын домбыраны» жеңіп алды. 2003 жылы Ақтөбе қаласында өткен Құрманғазының 180 жылдығына арналған республикалық «Байжұма» атты күйшілер байқауында бас жүлдені қанжығасына байлағаны және бар.

Сондай-ақ, осынау тума талант иесіне талай ақындар жыр арнаса, танымал музыка майталмандары өз бағаларын беріп те жүр. Соның ішінде, белгілі күйші  Қаршыға Ахмедияров: «Ермектің орындауындағы кейбір күйлерді тартпаңдар, тек тыңдаңдар. Әсіресе, «Бұлбұлды». Себебі, бұл күйлерді Ермектей ешкім тарта алмайды»,-депті. Ал, академик, өнертанушы, профессор Рахманқұл Бердіқұлов: «Төкпе күйлердің топ жарған шеберлерінің ішінде оралдық Ермек Қазиев оқшау көрінеді. Ермектің күйшілік қорында біз білмейтін күйлер әлі де бар-ау деймін. Оның орындау шеберлігін Қазақстандағы әйгілі домбырашылардың қай-қайсысыменде салыстырып бағалауға келеді»,-деген екен.

Бұл кеште «Нарын» әжелер ансамблінің орындауында «Беу, айдай», шәкірті Венера Елемесова қалықтатқан халық әні «Желкілдек» те тыңдарманды баурады.  Ермек аға жерлестерінің құлақ құрышын қандырып, Құрманғазының «Бұлбұл», «Сарыкөл-Самар», Орыншаның «Байжұма», халықтың «Баламайсан», Абылдың «Абыл», Сейтектің «Ортпа», Динаның «Бұлбұл» күйлерін құйқылжыта тартып, әр шығарманың шығу тарихын да әсерлі әңгімелеп берді. Бұған қоса, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлымен үш мәрте кездескен сәтінен тартымды сөз сабақтаған арқалы домбырашыны ауылдастары зейін қоя тыңдады. Өлең-жырдан алыс қонбаған ауылдас ағамыз марқұм Нұфтолла Қобыланов та Ермек Еселұлына жыр арнаған екен. Оның «Елбасы елеген Ермек» атты өлеңін Гүлхан Бораш жүрекке жеткізе оқыса, күйші төгілткен Құрманғазының «Кісен ашқан», Мүсірәлінің «Қу жетім», Мәменнің «Қайғылы қара», Әбікеннің «Қоңыр» күйлері тыңдарманын бір желпінтті. Осы шараға арнайы келген тумысы бөкейлік, қазір Жәнібек ауданында тұратын құрдасы Уахит Сариев «Қазақстан – байтағым менің» әнін шарықтатты. Өзге де өнерпаздар ән салып, мың бұрала би биледі.

Шығармашылық концерт соңында аудан басшысы Нұрлан Рахымжанов бөкейліктердің мақтанышы болған дәулескер күйшіге ыстық лебізін білдіріп, иығына зерделі шапан жапты. Сондай-ақ, айтулы кеште Орда ауылдық округінің әкімі Медет Сисенов, Бөкей ордасы тарихи-мұражай кешені директоры Ғайса Мақымов, аудандық аурухананың бас дәрігері Әділгерей Ғаббас, ардагер-ұстаз Аққаным Ғаббасовалар ізгі ниеттерін жеткізіп, сый-сияпат тарту етті. Көптің көңіліне күй қонақтатқан әсерлі шара Қ.Әлесовтің «Орда – туған мекенім» әнімен аяқталды.

Иә, шығармашылық кеш өте әсерлі өтті. Ермек аға толқынысын сабырлы болмыстың сыр алдырмас қалыбына сыйдырды. Таулар алыстаған сайын биіктей түседі. Әділгерей Ғаббас ағамыз өз сөзінде айтып өткен:

Төбелер бар өмірде,

Ал, асқар тау санаулы.

Ұнатады ел сондықтан,

Оларға көп қарауды – дегендей, бөкейлік әр жеткіншекке Ермек Қазиевтің Алла нәсіп еткен тас жарар таланты жұғысты болғай!

Гүлнар ҚАДЫРОВА.