30.06.2021, 17:47
Қараулар: 101
ШАБЫНДЫҚҚА ШАЛҒЫ ТҮСТІ

ШАБЫНДЫҚҚА ШАЛҒЫ ТҮСТІ

 

Шаруаның ебін, малдың жайын жақсы білетін Мырзабай Боранбаевтың ауданымызда алғаш боп екпе шөп егуді қолға алғанынан хабардармыз. Рас, Мырзабай ағамыздан бұрын да екпе шөп егіліп, егін шаруашылығы мол өнім берген кез болды. Бірақ ол өнімді жұмыстар Тәуелсіздік алғанға дейін Кеңес кезінде жүзеге асқаны рас. Сол себепті де Мырзабай ағамыздың екпе шөп егуді қолға алғанына акцент беріп, жарнама жасауымызға негіз бар. «Мал сапасы – құнарлы азықтан» деп ұққан ағамыз 500 га жерге егін еккен еді.  250 гектарына  еркекшөпті (житняк) қара бидай араластырып ексе, 235 гектарға судан шөбін, 10 гектарға беде, қияқы  және тағы да басқа шөп түрін эксперимент түрінде еккен еді. Маусым аяғында сол егінге шалғы түсті.

– Егістік нәтижесі көңілден шығып тұр. Биыл жауын-шашын да мол болды. Мал баққан шаруаны да, дақыл еккен диханшыны да жарылқап тұр. Егін бітік шықты. Өздеріңіз көріп тұрсыңыздар, кісі бойындай бар. Қазір бір гектар жерден 15- 20 центнер өнім алудамыз. Бұл керемет көрсеткіш. Қазір бар күшті осы өнімді жинап алуға жұмылдырып отырмыз. Судан күзге дейін қайта бой көтеріп, тағы бір шауып алуға мүмкіндік бар. Сәтін салса, оны да көрерміз, – дейді қожалық иесі Мырзабай Боранбаев.

Қазіргі таңда судан шөбі, арпа және қара бидай шабу қарқын алды. Егіс даласында төрт техника жүр.

Бөкейлік шаруалардың мал азығын дайындау жұмыстарын пысықтаған аудан басшысы Нұрлан Рахымжанов та «Боранбаев» шаруа қожалығының тірлігімен танысып, сәттілік тіледі.

Өз тілшіміз

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар