28.07.2020, 0:04
Қараулар: 544
АРМАНДАМА, АҚ ТОҚТЫ, ҚЫСТЫГҮНІ КӨК ШӨПТІ!

АРМАНДАМА, АҚ ТОҚТЫ, ҚЫСТЫГҮНІ КӨК ШӨПТІ!

Шөп қылтия, шабындық іздейтін шаруа ағайынның аузындағы сөз осы. Бұл тек бөкейлік ағайынның емес, елдегі қыс шанасын жаз сайлаған ағайынның ортақ мәселесі.

Өткен қыс әнебір қиындық тудыра қойған жоқ. Мал біткен желтоқсанда емес, қаңтардың өзінде қорада емес, далада жүрді. Жиналған шөпті ойсырата жей қоймады. Малды ағайынның үміті осы өткен жылдан сарқытқа қалған осы қорда.

Мұны  аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің маманы Серік Айтқалиев те қуаттайды.

  • Өткен жылы қыс қатты болмағандықтан, әр шаруа қожалықта аз да  болса  қор қалды. Біздің мекеменің ақпараты бойынша өткен жылы 135 600 тонна шөп шабылды. Қазіргі кезде аудан бойынша 63 900 тонна мал азығының қоры бар. Ауданда  55 923 ірі қара, 25 343 жылқы, 8 764 қой,  975 түйе тіркеліп отыр. Осы мал санын қыстан аман шығару үшін кем дегенде 141.500 тонна шөп керек деген болжап отырмыз. Өткен жылдан қалған 141 тонна шөп қорын алып тастасақ, әлі  78 600 тонна шөп керек болады. Енді сол мөлшердегі шөпті жинау үшін бүгінде  332 шаруа қожалық шөп шабу науқанына кірісті. Сонымен қатар 17 жекелеген азамат өз күштерімен мал азығы дайындауда. Мал азығының қыстық қорын дайындауға 359 трактор, 322 агрегат, 507 орақ, 329 тіркеме қызмет етуде. Жоспар бойынша биылғы жылы 302 900 га жер шабылады деген ой бар,- дейді Серік ағамыз.

302 900 га жер шабылады деген ой бар деген жақсы-ақ. Дегенмен, осы жақсы ойды қуаңшылық, шөптің шығымсыздығы мен дала өрті өрге бастырмай тұр.

«ШАУЫП ЕМЕС, ТЫРМАЛАП ЖҮРМІЗ»

  • Қайдағы шөп шауып дейтіндей, тобықтан болса да биік көтерілген шөп жоқ. Турасын айтсақ, тырмалап жүрміз. Жаз шықты болды, дала өрті бірінші бас ауруымыз болатын. Ал, биыл тіпті өртенетін шөп те жоқ-ау. Өткен жылы шабылған жер оңалып үлгірмеді. Тіпті көк шаңы шығып жатыр. Сондықтан қазір бірігіп жұмыстануға тура келіп тұр. Менен техника болса, басқа шаруа қожалық иесінен жер дегендей. Дегенмен жердің де жағдайы мәз емес. Тырмалаумен болып жатыр жұмыстың бәрі. Бір сөзбен айтқанда қырлық жердің шөп көлемі нашар. Өткен жылы күніне 70-80 рулон шөп дайындасам, биыл 30-ға жетер-жетпес рулон дайындаудамыз. Қыс қандай болатыны да белгісіз. Өткен жылы қыс болмады деп айтсақ болады. Малдың бәрі қыс бойы жайылымда болды. Тіпті бір айыр шөп салмаған шаруа қожалықтар да бар шығар. Ал енді биыл қыс суық болып, аяздатып немесе 2019 жылдың  қысындай қар қалың түссе, мал шығыны көп болатын шығар. Жылда шөп сататын едік. Сол сауда арқасында науқанға жұмсалған шығынды өтейтінбіз. Мысалы өткен жылы шөптің бір бумасының бағасы 350 теңгеден болды, ал биыл біреуге сатпақ түгіл өзімізге жеткізсек жақсы болар деп отырмыз. Шығын көп, табыс жоқ. Сол тек малдың азығын ойлаумен жүрміз, -дейді «Мұрагер» шаруа қожалығының уәкілі Нұрбек Әлмұратов.

 

Әрине, мал шаруашылығын бастапқы және негізгі кәсіп ретінде көретін ауданға шөп мәселесі әр дайым күрделі болып табылады. Сондықтан шөп жыры тек шаруа қожалық иелерінің емес, сонымен қатар ауылдық округ әкімдерінің де күн тәртібінен түспейтін күрделі мәселесі.

Бұл тұрғыда Мұратсай ауылдық округінің әкімі Жалғас Ташуов:

– Шөп шабу жұмыстары басталып кетті. Шөп өнімі нашар болса да, шаруа қожалықтар бірігіп жұмыстануда. Шаруа қожалық иелерін және мал ұстайтын халықтың қамын ойлап, көршілес елдің Эльтон ауылының шекарасы жағынан шөп шабуға жер бермекпіз. Қазіргі кезде құжаттар дайындалу барысында. Дегенмен бұл мәселенің бәрін шешпейді. Әрине, қанша қысқа дайындалсақ та қазіргі жағдайды ескерсек, күзгі жайылымсыз қалатын шамамыз бар. Алда апталап жаңбыр жауып, жер бірден оңалып кетпесе, жағдайымыздың қиындамаса, түзелмесі анық, -дейді.

Орда ауылдық округінің әкімі Медет Сисенов:

– Жалпы ауылдық округте 115 шаруа қожалық тіркелген. Жылда кем дегенде 50-60 шаруа қожалық мал азығы дайындаумен айналысатын еді. Биыл шөп өнімі аз болғандықтан науқан да кеш басталды. Оған қоса көп шаруа қожалығы шабындыққа түсетін жер таба алмауда. Қазіргі кезде әрі кетсе, 30 шаруа қожалық шөп шабуда шығар.Ауыл азаматтарының көбі кұмдық жерді шабуда. Себеп біреу,  қырлық жерде шөп мүлдем жоқ десек те болады. Сондықтан қазіргі кезде ешкім шөп сатып жатырған да жоқ. Дегенмен, өнім мәселесі шөптің бағасына әсер ететіні анық,-дейді.

Бисен ауылдық округ әкімі де ордалық әріптесін қоштап отыр.

–Биыл қырлық жердің шөп өнімі нашар. Сондықтан көпшілік құм жаққа түсіп, мал азық мәселесін шешпек. Қазір тек 20 орақ жұмыстануда. Бұл жағдай әрине, шөптің бағасына де теріс әсер етуде. Биылғы бірінші шабын шөбін кәсіпкерлер кем дегенде 450 теңгеден бағалауда. Әрине, бұл ауылдық жер үшін өте қымбат. Шаруа қожалығы ғана емес, үйінде мал ұстайтындарға өте қиын болайын деп тұр. Мысалыға 2018-19 жылдың қысында ел шөп таба алмай қиналғанның өзінде, қыстың қақ ортасында шөптің бағасы 500 теңгеден болған еді. Ал қазір науқан басталмай жатып осындай баға ұсынса қыста не болатын белгісіз. Дегенмен әкімшілік ретінде ауыл кәсіпкерлерімен жұмыстанып, мал азығының бағасын бір қалыпта ұстауға тырысамыз,- дейді бисендік басшы Кенжебек Құрмашев.

«Киік те кесірін тигізіп тұр»

Кенжебек ағамыз шабындыққа кесірін тигізіп отырған тағы бір түйткілді тілге тиек етті.

– Біздің ауданда мыңдаған бас киік жүр. Қызыл кітапқа енген жануар орақтан кем емес. Жегенін жейді, ал қалғанын тапап кетеді. Құзырлы органдарға да хабарластық. Нәтиже жоқ. Дегенмен, қаншалықты «қызыл кітапқа» енген жануар болса да бұл мәселені шешу керек деген ойдамын,-дейді ол.

Дала еркесінің кесірі нақ осы шабындыққа тиіп отыр. Киік мұратсайлық малды шаруалардың қолын байлап отыр екен.

  • Біздің жақта киік саны өте көп. Әбден запыс болған шаруа қожалық иелері арыздануда. Әрине, ол азаматтарды да түсінуге болады. Малымды өсірем деген оймен алған жерінде киік жайылып жүрсе, ол киікті айдап шыққаннан басқа қыларға амалы болмаса, шаруа иесінің күйінбесіне бола ма? Жаздыгүні шөбіңді жеп, күзде Жәнібектен су жіберген кезде суды да ішіп кетіп жатыр. Тіпті ауыл ішіне де кіріп кетіп жатады. Осы жақында әкімшілік ауласында жайылып та жүрді. Адамнан қорқар емес. Хабарласпаған жеріміз қалмады. Охотзоопромға хабарлассақ, мамандар  жетіспеушілігін айтып сылтауратады. Ақыр соңында ауыл тұрғындары бірігіп, мотоциклмен қуып айдап тастап жүрді. Бұл әдіс тек бір екі күнге көмектеседі. Көзіңді ала бере, өріп жүреді,-дейді ауыл әкімі Жалғас Ташуов.

Аудандық ауылшаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Серік ағамыз киік мәселесіне облыстағы тиісті мекеме басшыларының назарына ұсынылғанын айтады.

Көршілермен салыстырсақ…

Биылғы шөп өнімімен бағасын өткен жылмен салыстырсақ әрине айырмашылық жер мен көктей болатын шығар. Дегенмен көршілес аудандармен салыстыратын болсақ, шүкіршілік етуге болады деген ой туындайды. Алысқа бармай, тиіп тұрған Жәнібек ауданымен салыстырсақ, мал азығының бағасы біздің ауданның бағасындай болады екен. Дегенмен, Казталов немесе Жаңақала аудандарының жағдай мүлдем мәз емес. Аталмыш екі ауданда қырлықта шөп өнбеген екен. Мал азығын екі ауданға Шыңғырлау ауданынан арбалаған кәсіпкерлер бір рулон шөбін кем дегенде 8000 теңгеден бағалауда. Тіпті кей кәсіпкерлер 10000 теңгеге де бағалайды екен.

Айтпақшы, шөпке шалғы түсіргендерге үкімет тарабынан қолдау бар. Арзандатылған жанармаймен көмек жасалмақ. Жалпы шілде, тамыз, қыркүйек айларына жоспарланған науқан жұмыстарына 160 теңгеден 150 тонна солярка қарастырылып отыр.

 

Еркебұлан БИСЕНҒАЛИЕВ