30.10.2020, 11:05
Қараулар: 417
«ЖОМАРТ ЖҮРЕК-2020» ИЕГЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

«ЖОМАРТ ЖҮРЕК-2020» ИЕГЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

 

Аудан әкімі Нұрлан Рахымжановтың қатысуымен «Жомарт жүрек-2020» сыйлығының иегерлерін салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Туған өлкесінің дамуына сүбелі үлес қосып, түрлі бағыттағы  қайырымдылық қызметтерді жүзеге асырған ел азаматтарына лайықты құрмет көрсетілді. 

Елде карантин жарияланып, науқастар легі көбейген уақытта жұмыла жұдырық бола білген ауыл азаматтары аз емес. Аудан қорына алғашқылардың бірі боп қомақты соманы аударып, қайырымдылық пен мәрттіктің зор үлгісін көрсетіп берген ауданның құрметті азаматы, «Талап» шаруа қожалығының жетекшісі Иран Дәуленов «Жыл меценаты» атанса, қауіпті індетпен күресте белсенділік танытып, өз есебінен ауа концентраторы мен дәрі-дәрмектердің қорын еселеп, көпшілікке  қолдау білдірген  «Пахман» шаруа қожалығының жетекшісі Ермек Меңдешев «Жыл тұлғасы» аталымына ие болды.  Короновируспен күресте «Біз біргеміз» республикалық акциясы аясында елеулі үлес қосқан еріктілер қауымы да «Ерен еріктілік» аталымы бойынша марапатталды. «Бөкей ордасына көмек» акциясын ұйымдастырып, сол арқылы жиналған қаражатқа аудандық аурухананы қажетті дәрі-дәрмек,  медициналық құрылғылармен қамтамасыз еткен Жанаргүл Қыдырғалиева мен Ақкүміс Саматова, мұқтаж отбасыларға азық-түлік таратып, игілікті іске сеп болған ханордалық Айшат Сабирова,  сайқындық  Әбіловтер жанұясының баспаналы болуына жәрдемдескен «Харекет» қайырымдылық қорының өкілі Райымбек Жұмабайұлы «Үздік волонтер» атанды. Тегін бетперделер мен жадынамалр таратып, халықты ақпараттандыруда белсенділіктерімен көзге түскен  еріктілер Аслан Бижанов, Бағдат Ахатов, Алтынбек Жауынбаевтарға облыс басшысы Ғали Есқалиевтің алғысхаттары табысталды. Сондай-ақ, мұқтаж отбасыларға азық-түлік пен ет таратып, қажетті киім-кешекпен қамтамасыз етуде көмектерін аямай, жомарттық танытқан кәсіпкерлердің де еңбектері еленді. «Жомарт жүрек» сыйлығына ие болғандардың қатарында Мәмбет ауылын жарықтандыруда  қаржылай демеу  жасаған Төлепберген Төлегенұлы, Орда ауылдық округіндегі фельдшерлік пунктті  ауа концентраторы және қажетті медициналық препараттармен толықтырған Нұрлыбек Ахметов те бар. Бұл шарада  елді мекендерді абаттандыруға, саябақтарды, аллеяларды, ескерткіштерді, балалардың ойын алаңдарын қайта жаңартуға және салуға т.б  әлеуметтік жобаларды іске асырған азаматтардың да еңбектері еленді. Күні кеше ғана аудан орталығында бой көтерген ұстазға арналған ескерткішті  М.Мәметова мектебінің 2000 жылғы түлектері тарту етсе, Жиекқұм ауылдық мектебінің  1980 жылғы түлектері өздері түлеп ұшқан ұясының ауласына Кеңес одағының батыры  Т.Масиннің бюстін орнатты. 2000 жылғы мұратсайлық түлектер балалар ойын алаңын сыйға тартса, дәл осы жылғы бисендік, саралжындық  бітірушілер жергілікті қорымның айналасын қоршап берді.  Осы тектес игілікті істерді өзге де ауылдық округтің әр жылғы мектеп түлектері де жүзеге асырып, «Туған өлке» аталымы негізінде  сый-құрметке бөленді.

Арайлым МАРАТ