26.07.2016, 16:54
Қараулар: 342
Шаруа адамы субсидияны тиімді пайдаланып жүрсің бе?

Шаруа адамы субсидияны тиімді пайдаланып жүрсің бе?

А-32(2)Елбасымыз белгілеген «Қазақстан – 2050» бағдарламасында 2020 жылға қарай ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдауды 4,5 есе арттыру көзделген. Мал өсірушілерге қаржылай көрсетіліп жатқан көмектердің бірі – аналық малды көбейтіп, тұқымын асылдандыруды қолға алғандарға берілетін субсидия. Ол мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз ақша. Мысалы, ірі қараның 30 аналығына  бір асыл тұқымды бұқа сатып алған қожалық иесіне жыл қорытындысында әр аналыққа 18 мың теңгеден субсидия төленеді. Ал, асыл тұқымды мал өсіруші  шаруашылықтар үшін  әр аналыққа – 20 мың теңге.

– 2013 жылы бағымдарында 9645 сиыр мен 330 бұқасы бар – 86, 2014 жылы 13228 сиыр мен 450 бұқасы бар – 122, 2015 жылы 15747 сиыр мен 530 бұқасы бар 152 қожалық субсидия алды,-дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысы Сүйінбек Хайроллин. – Болжам бойынша биыл сиыр саны 17300-ге, бұқа 640-қа жуықтап, 183 қожалық субсидияға қол жеткізеді деп күтілуде. Әрине, табындағы мал түгел сырғаланып, компьютерге салынуы тиіс. Әр малдың өз паспорты бар. Малдың қозғалысы АЖБ (ауыл шаруашылық жануарларын бірдейлендіру), АТЖ (ақпараттық талдау жүйесі) сынды есеп-қисаптарда жүйелі көрсетіліп отырылады.

Сондай-ақ, Сүйінбек Жексенбайұлы ірі қара тұқымын сұрыптап, асылдандыруда аталық малға ерекше назар аударылатынына тоқталып, табындағы бұқалардың екі жыл сайын ауыстырылатынын, тағы да басқа талаптарды әңгімеледі. Асыл тұқымды бұқаға қоса асыл тұқымды қашарлар сатып алып, табынын түгелдей  асыл тұқымдыға айналдырғандар да бар екен. Аудан бойынша ірі қара өсіретін 9 шаруа қожалық қазақтың ақбас тұқымының республикалық палатасына мүше көрінеді. «Хан Ордасы» ЖШС-інің қазақтың айыр өркешті түйесін өсірумен шұғылданғанына біраз жыл өтсе, «Рауан» шаруа қожалығы жылқы табынын түгел көшім, «Боранбаев» шаруа қожалығы жабы тұқымына айналдырып алған. Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы заңға енгізілген өзгерістерге байланысты құжаттарды реттеп, республикалық палатаға қабылданулары ғана қалыпты. Өткен жылы айғырымен қоса бір үйірден асыл тұқымды (жабы, көшім) жылқысын сатып алған Айбат (саралжындық А.Сейдағалиев) пен «Ораз» (бисендік М.Момынов) шаруа қожалықтары да көп кешікпей, республикалық палаталарға мүше болары хақ. Асыл тұқымды жылқы сатып алған қожалыққа әр басқа 40 мың теңге субсидия беріледі. Бірақ әрі қарай селекциялық жұмыстар жүргізу үшін субсидия қаралмағанымен, «Құлан» бағдарламасы арқылы жеңілдікпен несие алуға болады.

Қой шаруашылығына келсек, субсидияға қол жеткізіп жүргендер бұл салада тым аз сияқты. 2014 жылы еділбай қойын бағып отырған 5 шаруашылық (1354 саулық пен 50 қошқарға), 2015 жылы 6 шаруашылық (4530 саулық пен 151 қошқарға) ғана субсидия алған. «Нарын» (масиндік Н.Тәжімұратов), «Береке» (ордалық Е.Жабасов) қожалықтары отарларын түгелдей асыл тұқымдыға айналдыру жолында жұмыстануда екен.

Бұрын қазекем «Мал өсірсең, қой өсір – табысы оның көл-көсір» деуші еді. Ірі малға қарағанда, оның өсімтал екені де рас. Союға, жеуге ыңғайлы, ұятты қонақ келсе, қойдың басы тартылады. Жүні мен терісі де кәдеге асатын. Кеңес дәуірінде қой шаруашылығы Қазақстанда екінші тың саналып, республикада оның санын 50 миллионға жеткізу жолында біраз тер де төгілген. Қой өсіруші комсомол-жастар бригадалары құрылып, еңбек көрігі қызған-ды. Елтірі де дайындалып, биязды жүннен Шымкентте керемет костюмдер тігілген. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін төл кәсібіміздің тұралап қалуы еш қисынға келмейтіндей. Мұның себебін кейбіреулер арзан деп шетелдік жасанды өнімдерге жаппай ұмтылыстан көреді.

Нарын құм мен Бөкей даласының мал шаруашылығын дамытуға қолайлы екені бұрыннан да айтылып, жазылып жүр. Өндіріс орны жоқ аймақта кеңсе қызметі, мектеп және мекемедегі жұмыс орны жұрттың бәріне қайдан жетсін?! Сондықтан да жастарды ата кәсіпке, мал шаруашылығына баулуымыз керек. Бір-бір қыстақты иемденіп, шаруа қожалығын құрғанмен мал тұқымын асылдандыруға ұмтылмағандықтан, субсидиядан құр қалып отырғандар қаншама?! Бұл – істі заман талабына сай ұйымдастыра алмағандықты көрсетеді. Ал, ниет қойып, сол жолда аянбай тер төккендердің шаруасы күр. Соңғы жылдары мал басының аналығы 30 басқа жетпейтіндер бірігіп, ауылдық тұтынушылар кооперативін (АКТ) құрып, талапқа сай асыл тұқымды аталық мал сатып алып, субсидия иеленуді бастады. Өткен жылы Мұратсай, Ұялы ауылдық округтерінде бір-бірден, Сайқын округінен екі АТК жасақталып, жыл қорытындысында олардың мүшелері де қолдарындағы аналық малдың санына қарай субсидия алыпты. Солардың бірі, сайқындық «Жәңгір» АТК мүшесі Айнагүл Таубаеваның «Кооперативтік көмек шаруамызды ілгері бастырды» атты мақаласы газетіміздің биылғы 26 қаңтардағы санында жарық та көрген-ді. Онда автор осы бір қайтарымсыз қаражатты жем алуға жұмсағандықтарын айта келіп: «Егер біз кооперативке кірмесек, мұндай жеңілдікті пайдалана алмас едік. Осы жайды салғырттыққа салынып, өзімен-өзі оқшау күй кешіп отырған малшыларға жеткізсем бе деген оймен қолыма қалам алдым. Олар да кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалына не ауыл шаруашылық бөліміне жолығып, қажетті құжаттарды жинап, кооператив құрып, әділет басқармасына тіркетсе жетіп жатыр. Тек ерінбей, белсенділік таныту, сілкіну қажет. Сілкінбесек, қимылдамасақ, жаһандану дағдарысының құрсауына ілігуіміз мүмкін» деген ой да тастаған-ды. Өкінішке қарай, сілкініп жатқандар бір қолдың саусағына да жетпейді-ау. Мұратсай ауылдық округінде ғана бір кооператив жасақтауға талпыныс бар деп естейміз, қалған жерде тым-тырыс…

Баяғыда ағасы інісін «аузыңа келіп тұрған майды қаба білмейсің» деп ұрып жіберіпті дейтін. Бұл да сол Үкімет беріп тұрған қаржылай көмекке қол созбау, әрекеттенбеу емес пе?! Қайран қазағым-ай, біреуден қайран күтпей, қазаныңның майлануын  өзің қамдайтын уақыт жетті ғой. Өйткені, шаруа адамы үшін мемлекет бар қамқорлығын жасап-ақ жатыр. Енді тек батыл қимыл мен іскерлік қой керегі.

Каримолла ҒАЙСИН.

Түсініктеме

Кабиден Алиби:

Ваш комментарий ожидает проверки.

9 жас