30.12.2016, 12:18
Қараулар: 613
Тұғыры биік тұлға

Тұғыры биік тұлға

%d0%b3-566Құт дарыған құнарлы Нарын топырағында дүниеге келіп, халқым деп қабырғасы қайысқан, ел тағдырын ойлағанда ет жүрегі езілген, бүкіл саналы ғұмырын өзі туған еліне арнаған азаматтардың өнегесі насихаттауға тұрарлық. Сондай жандардың бірі – Мырзағалиев Өтеміс Уәлиұлы. Ол 1956 жылы Сайқын ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын, Ресей әлеуметтік-саяси және менеджмент пен маркетинг институтының Атырау филиалын бітірген зооинженер, саясаттанушы.

Осынау ардақты тұлға еңбек жолын «Орда» кеңшарында зоотехник болып бастап, көп ұзамай бөлімше меңгерушілігіне тағайындалады. Қарапайымдылығы, елмен етене жақындығы, Нарын құмының ойы мен қырын, оның өзекті мәселелерін жетік білетіндігі, қай кезде де адамдардың мұң-мұқтажына ортақтаса алатындығы ескеріліп, Т.Масин атындағы совхозға бас зоотехник етіп жіберіледі. Кейін совхоз бастауыш партия ұйымының хатшысы қызметіне сайланады. Мұнда да еліне адал қызмет ете жүріп, іскерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен ауыл-аймағына танылып, зор құрметке бөленеді. Білікті басшылардың бірі болып қалыптасқан ол аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, осы сала жөніндегі әкімнің орынбасары қызметтерін де абыроймен атқарды. Аз ғана уақыт Атырау қаласында қызмет істеп, Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру-бақылау жұмыстары бөлімінің бас инспекторлығына ауысқан Ө.Мырзағалиев бертінде туған жері Бөкей ордасы ауданына әкім болып оралады.

Елге келіп, басшылық тізгінін қолына алған соң бірінші кезекте атқарылуға тиісті күрделі мәселелерді облыс басшылығы алдына қоя білді. Қаржы тапшылығына қарамастан, күтімсіз бос қалған ғимараттардың иелерімен байланыс жасап, оларды жөндетіп, іске қосуға атсалысты. Соның нәтижесінде тұрмыстық қамту комбинатының үйі (қазіргі уақытта аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, статистика бөлімдерінің кеңсесі), баспахана (спорт мектебі), жинақбанк (саз мектебі), ПМК-12 мен жөндеу мекемелерінің (Бөкей ордасы колледжі) ғимараттары кәдеге асты.

Ал, 2008 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Тасқала ауданының әкімі қызметін атқарған Ө.Мырзағалиевтің өңірдің экономикасын дамытып, әлеуметтік ахуалын жақсартуға сіңірген еңбегі әлі күнге ел аузында. Әрі «Таза су» бағдарламасы аясында су көздерін тауып, бөгеттерді тазартуға тікелей басшылық жасады. Шаруашылық жұмыстары бастан асып жатса да, аудан орталығын абаттандырып, мәдени саланың да жандануына ерекше екпін салды. Қайнаған тірлік, қарбалас шаруаның ортасында жүріп, қандай қиындық кездессе де қажымай-талмай жеңіп шығатын. Қысқасы, оның өмір жолы көпке өнеге-тұғын.

Жазмыштан озмыш жоқ қой. Кенеттен жол апатына ұшырап, қайтпас сапарға аттанған жерлесі туралы Жаңақала ауданының әкімі Лавр Хайретдинов: «Өтақаң мемлекеттік және қоғамдық қызметте де қатарының алды болды. Өзгесін айтпағанда, он жылға жуық екі ауданды басқарып, өзінің де, басқарған елінің де еңсесін биікке көтерді»,-деп жазса, тағы бір жерлес замандасы, әріптесі Нұрлан Сабыров оны «Бөкейдің бұлтқа біткен шынарына» теңепті.

Бүгінде өз биігіне абыроймен өрлеп, ел-жұртына сыйы артқан Нарынның сол нар тұлғалы азаматының еліне сіңірген еңбегін өткеннің өрісінен іздеп, жасаған игі істерін сағына еске аламыз. Ол арамызда жүрсе, асқаралы алпысын ел-жұртымен бірге тойлап жатар еді-ау! Бір кем дүние…

 

Эльвира АХМЕТОВА,

Бөкей ордасы тарихи-музей кешенінің экскурсия жүргізушісі.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Түсініктеме

Ел жаршысы болып келе жатырған «Орда жұлдызы» редакциясына, Бөкейордасы тарихи-музей кешенінің Ғ.Махимов бастаған ұжым қызметкерлеріне үлкен алғысымызды білдіреміз. Ауданымызға еңбек сіңірген адамдарды ұлықтау арқылы келешек ұрпаққа үлгі — өнеге ретінде жасап жатырған еңбектеріңіздің жемісін көріңіз, Асылын ардақтаған, өткенін еске алып одан сабақ алатын, өз елінің, жерінің тарихының өрілуін, ер тұлғаларын білетін елдің болашағы жарқын болмақ,
Келген жаңа 2017 жыл елімізге тыныштық, жұртымызға амандық, дастарханымызға молшылық, көңілімізге шүкіршілік әкеліп, еңбек етуге қайрат, алға ұмтылуға арман таусылмасын.
Мырзағалиевтер әулеті атынан Мира Уалиқызы Хайретдинова