9.01.2018, 18:30
Қараулар: 377
Қос бүлдіршін жарады!

Қос бүлдіршін жарады!

Адам бойындағы қабілет бала кезінде анық байқалып, талабының дер кезінде ұшталуы арқасында бәйгеге қосқан жүйріктей суырылып алға шығатыны шындық. Біздің бабажановтық Инабат Асқар мен Ернұр Меңғалиев (жетекшісі Шынар Иманғалиева) «Еуразиялық гендік қор» ғылыми-өндірістік білім беру орталығы ұйымдастырған республикалық «Әнім саған, туған ел!» патриоттық әндер байқауында тисінше І, ІІ дәрежелі дипломға ие болды (суретте). Инабаттың әкесі Кенжебек Құрмашев гитара аспабында ойнайтын болса, анасы Әлияның да өскен ортасы өнер ауылынан алыс емес. Ол айтулы музыкант болған марқұм Темірбек Әбілхатиннің Ақылбек атты ағасының қызы екен. Инабаттың нәзік саусақтары балаларға үйренуге ауырлау тиетін гитара аспабын әп-сәтте меңгеріп кеткен. Қазір ол ата-анасының ықпалымен туризм орталығында (жетекшісі Азамат Зайноллин) гитара сыныбына барып жүр. Инабат өте ұғымтал қыз. Дойбы да ойнап, әр салада өзін көрсетуге талпынады.

ІІ дәрежелі диплом иеленген Ернұрдың өнерге жақындығы нағашыларынан дарығанға ұқсайды. Кішкене кезінен әртүрлі байқауларға қатысқан балақайдың бұл алғашқы жеңісі емес. Апасы Эльнараның ән салуына еліктей жүріп, қызығушылығы оянған ол туыстарының да өнерден қара жаяу емесін айтады. Ернұр өткен жылы Павлодар қаласында балалар шығармашылығына арналған республикалық байқауда хордың сүйемелдеуімен жеке дауыста ән салған.

Музыка жетекшісі Шынар Сайфетдинқызының пайымдауынша, оқуда екпінді қос шәкірттің музыкалық қабілеттері жоғары. Ернұрдың сахнада ән салып жүргеніне екі-үш жылдай болып қалса, Инабаттың бұл алғашқы қадамы. Десек те, бойында өнердің ұшқыны бар бүлдіршін әп дегеннен топ жарып отыр. «Қанаттарың талмай, самғай беріңдер!»-дейміз біз қос өнерпазға.

Гүлнар ТАСБОЛАТҚЫЗЫ.