9.01.2018, 18:37
Қараулар: 389
Әсем ән мен тәтті күй

Әсем ән мен тәтті күй

Танымал әнші, әсіресе, жастар сүйіп тыңдайтын Дәурен Сейітжанов қасиетті Бөкей ордасы ауданында болып, жұртшылықты ән қанатында тербеді.                         

Балалық бал дәуренінің аз ғана сәті осы өңірде өткендіктен бе, оны бар ықыласымен құшақ жая қарсы алған жамағат әншіні құлақ құрыштары қанғанша тыңдап, керемет әсерге бөленді. Жастықтың жалынын паш етер сыршыл жүрекпен ән салған кәсіпқой әнші өзінің шығармашылығы жайында да сырлы естелігімен бөлісті. Залда ине шаншар бос орын болмағандықтан, концертті тік тұрып тамашалағандар да аз болмады. Атағы дардай болғанымен, көрерменнің жиналуы көңіл көншітпейтін кейбір өнер адамдарының алдында ыңғайсызданатын біз бұл жолы әнсүйер қауымның көптігіне қуандық.

Бала үшін ата-ана махаббатынан асқан не бар?! Сол бірін-бірі сүйіп қосылған қос жүрек лүпілі… жарық дүниеге іңгәлап келетін перзент… мұның бәрі махаббат, сезім деген өмір ырғағына бағынады емес пе?! Шындығы да сол. Осынау ата-ананың сүйіспеншілігімен өмірге жол тартқанын айтқан Дәурен етжақындарын еске алып, ақын Тұманбай Молдағалиевтің сөзіне жазылған Ержан Серікбаевтің «Сүмбіле» әнін төгілтті. Сондай-ақ, жерлес ақын Талант Арынғалидың сөзіне жазылған Ұлықпан Жолдасовтың «Өмір» әні де жүрек қылын шертті. Еркін иірім, өнер адамына тән шығармашылық пафос, шалт қимыл бөкейліктерді әп дегеннен  үйіріп алып кетті. Батырхан Шүкеновтің репертуарынан «Қайран көңіл-ай», Ринат Зайытовтың сөзіне жазылған «Сымбаттым», Сейдолла Бәйтерековтің «Жан досым», өзге де әндер «құлақтан кіріп, бойды алды».

Дәурен әңгіме арасында жерлесіміз, әнші-сазгер Қабиболла Әлесовтің әндерін болашақта республикалық деңгейде жарыққа шығаратынын айтып, бөкейліктер алдында уәде берді. Көпке әдемі әсер сыйлаған кеште әншінің шашбауын көтере келген өнердегі досы, жерлес күйші Асылхан Қазиев қара домбырасымен күйге ынтазар жандардың шөлін қандырды. Оның үрмелі  аспаппен ойнаған әуенін де көпшілік жылы қабылдады.

Концерт соңында балалық шағының ізі қалған аудан сахнасында ән салып, жерлестерінің зор қошеметіне бөленген әншіге ізгі лебізін білдірген аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева Бөкей ордасының тарихқа тұнған келбеті бейнеленген картинаны сыйға тартты. Ал, Дәуреннің өзі болса, бөкейліктерге риясыз сезімін жеткізіп, естелік суретке түсті. Әсерлі кеш Хан ордасы ауылында жалғасты.

Тұрсын ТЕК.