16.05.2015, 7:28
Қараулар: 495
Елді индустрияландыруға ӨЗ ҮЛЕСІН ҚОСУДА

Елді индустрияландыруға ӨЗ ҮЛЕСІН ҚОСУДА

IMG_5251


Бұдан 13 жыл бұрын құрылған «Агран» ЖШС бүгінде батыс өңіріндегі іргелі кәсіпорындардың біріне айналды. Аталмыш кәсіпорын 2002 жылдан бастап мырышталған және боялған шатырлар мен қабырғаларды, сондай-ақ  үй құрылысына қажетті қосымша материалдарды үздіксіз шығарып келеді.


Алғашқыда құрылыс жұмысына аса қажетті профнастил мен металл-жабындар даярлаумен ғана айналысқан «Агран» ЖШС уақыт өте келе өндіріс көлемін кеңейтті. 2012 жылдан бастап айналар мен әйнектелген пакеттерді де шығара бастаған серіктестіктің тұрақты тапсырыс берушілері көбейіп, жұмысы өнімді бола түсті. Нәтижесінде серіктестік көршілес Ақтөбе және Атырау қалаларынан бөлімшелерін ашып, жұмысшылар санын көбейтті. Бүгінде аталмыш кәсіпорын барлығы 150-дей адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

– «Агран» ЖШС – жедел тұрғызылатын үйлерге арналған темір құрамалар (металлоконструкция) мен қалың қабырғалар (сэндвичпанельдер) және құрылыс жұмысы үшін аса қажетті әйнек пакеттер даярлайды. Кәсіпорын жоғарыда аталған құрылыс материалдарын өндіріп қана қоймай, жобалау, жеткізу және оны құрастыру ісімен де айналысады, — дейді «Агран» Орал шатырлар орталығы коммерциялық директорының міндетін атқарушы Василий Балакирев бізге кәсіпорын жұмысын егжей-тегжейлі түсіндіріп. – Жаңағы өздеріңіз көрген цехтарда металлочерепица, профнастил және әйнек пакеттері шығарылуда. Тауар өндіруге қажетті шикізатты біз негізінен Қарағандыдан аламыз, өйткені отандық өнімді пайдалану арқылы ел экономикасының көтерілуіне өз үлесімізді қоссақ дейміз. Бірақ кейде жұмыс жағдайына байланысты шикізатты Ресей мен Қытайдан да алып қалатын кездеріміз болады. Қысқасы, шикізат қоры жеткілікті, сондықтан осы жылдар ішінде жұмысымыз еш тоқтаған емес. Қазірдің өзінде қоймамызда 2000 тоннадан астам болат бар, соларды пайдаланып, біздің жігіттер шатырлардың 20-дан астам түрін шығаруда. Біздің өнімдерімізге көбінесе, құрылыс жұмысымен айналысатын жергілікті «Болашақ Т», «СВ+», «Алим», «АзияТехСервис» ЖШС тұрақты тапсырыс беруде. Бұлардан басқа біздің өнімдерімізді жеке кәсіпкер-лер мен шаруа қожалықтары қоражай немесе құрастырмалы үй жасауға пайдаланады. Сондай-ақ темірден жасалған құрама қабырғалар мен қалың қабырғаларға (сэндвич-панельдер) өндіріс орындары мен дене шынықтыру-сауықтыру мекемелері, жабық базарлар мен жекелеген сауда нүкте-лері көптеп тапсырыс береді. Биыл мемлекеттік қолдауды пайдалана отырып, «Қазкоммерцбанк» АҚ Орал филиалынан төмен пайызбен несие алып, қосымша тағы бір цех құрылысын жүргізіп жатырмыз. Құрылыс жұмысы аяқталған соң айна мен әйнек пакетін даярлаушылар жаңа цехқа көшеді, ал бұрынғы бір цех қоймаға айналмақ. Өнім өндіруге қажетті шикізат пен дайын өнімдер сол қоймада сақталатын болады. Ал мына цехтар алаңсыз өнім өндірумен айналыспақ. Қалада бізден де басқа осындай кәсіппен айналысатын бірнеше серіктестік бар. Олардан біздің айырмашылығымыз, біріншіден, бізде өндірілетін тауар түрі көп. Өндіріске айналар мен әйнек пакеттерін даярлауды енгізе отырып, біз өзімізге тұрақты тұтынушыларды қалыптастырдық, осының өзі біздің негізгі жұмысымыздың жүруіне мықты әсерін тигізді. Шатырлар мен қалың қабырғаларға тапсырыс берген мекеме басшылары біздегі әйнек пакеттерді көріп, құрылыс жұмысына қажетті бұл тауар түрін де осы жерден алатын болды. Екіншіден, біз өнімдерімізді сапалы етіп шығаруға тырысамыз. Сол себепті де біздің тауарымызды пайдаланып көрген мекемелер бізбен байланысын үзбей, өнімдерімізге одан кейін де тұрақты тапсырыс жасауда. Үшіншіден, біз қандай тапсырыс болмасын, дәл өлшеммен және белгіленген уақытынан кешіктірмей жасап береміз. Төртіншіден, бізде баға қашан да тиімді. Мысалы, қазірдің өзінде біздің кейбір өнімдеріміз 30 пайызға төмен бағамен сатылуда. Қатып қалған ештеңе жоқ, шаруаның ретіне қарай, осындай төмен бағалар акциясын жиі ұйымдастырып тұрамыз, бұл да біздің жұмысымыздың жүруіне оң ықпалын тигізуде. Ең бастысы, біз тұтынушылар көңілінен шығуға тырысамыз. Компаниядағы 150 адамның жартысы осы Орал қаласында, қалғандары Ақтөбе мен Атыраудағы бөлімшелерде. Жұмысшылар әзірге бір ауысымда жұмыс істейді, шамамен 100 мың теңгеден аса тұрақты жалақы алып тұра-ды, – деген Василий Вячеславович бізді әйнек пакеттерін даярлайтын цехқа бастап апарды.

Аталмыш цех заманауи құрылғылармен толық жабдықталыпты. Австралиялық «Lises» құрылғысы арқылы мұнда ауысымына 700 шаршы метрге дейін өнім өндіріледі.

Әйнек өнімдерін өндіретін цех басшысы Игорь Сорокиннің айтуынша, мұнда айналар мен әйнектер өндіріс заңдылығына сәйкес өңделеді. Цехтағы жоға-ры технологиялық заманауи желілер жұмысы толықтай автоматтандырылған, осы құрылғы арқылы әйнектер тұтынушының тапсырысы бойынша түрлі пішінде өлшеніп кесіледі. Автоматты жүйенің арқасында бұл цехта небәрі 12 адам ауқымды шаруаны атқарып үлгеруде. Кәсіпорын әйнек пакеттерін шығаруға қажетті шикізатты Ресейден  тасымалдауда.

Осы цехта даярланатын декоративтік әйнектер мен әйнек пакеттері сапасы жағынан мықты, ауа райына қарай іштегі жылуды реттеп, сырттағы шуды ішке жібермейтіндігімен ерекшеленеді. Оның үстіне әйнек қабырғалар соққыға шыдамды, сыртқы әдемілігі де көз тартады. «Агран» ЖШС әйнек пакеттерін даярлап қана қоймай, оларды саттыққа да шығаруда. Кәсіпорын жұмысшылары жәшіктерге мұқият салынған әйнектерді арнайы құрылғылармен жабдықталған көліктермен тапсы-рыс берушіге жеткізіп те береді. Осылайша тиімді жұмыс ырғағын қалыптастыру арқылы тұтынушылардың көңілінен шыққан «Агран» ЖШС бәсекеге төтеп беріп, елді индустрияландыруға өз үлесін қосуда.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»