5.01.2016, 11:35
Қараулар: 278
Хан ордасындағы игі шаралар

Хан ордасындағы игі шаралар

Хан ордасы ауылында дәріхана мен тіс емдеу кабинетінің ашылуы және Қазақ ССР-на еңбегі сіңген мұғалім, Ленин, «Қызыл Жұлдыз» ордендерінің иегері, ауданның Құрметті азаматы Ахметфайыз Юсуфұлы Тажетдиновке ескерткіш тақтаның орнатылуы жұртшылықты елең еткізер жаңалық болды. Орайы келгенде айта кетейік, осыдан 176 жыл бұрын, 1839 жылы өңір өркениетінің көшбасшысы, белгілі реформатор хан Жәңгірдің өзі ашқан бұл дәріхананың тамыры тым тереңде. Аумалы-төкпелі, аласапыран замандарда ол неше күйге түспеді дейсің. Кезінде «Орда» кеңшары салған қазіргі дәріхана үйі кеңшар тарағасын жекешеленіп, тұрғын үйге айналған-ды. Алматы қаласындағы республикалық медицина колледжінің тіс емдеу бөлімін бітіріп, мамандығы бойынша он бір жыл еңбек еткен осы ауылдың перзенті Архат Сәлімов биыл «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасымен 1,5 млн. теңге несиеге қол жеткізіпті. Осылайша ол аталмыш ғимаратты сатып алып, жеке тіс емдеу кабинетін ашып, ауылдастарына қызмет етуді жөн деп тапқан. Оның бір бөлмесін жалға алған С.Асфендияров атындағы Алматы мединститутының түлегі, жоғары білімді фармацевт, мамандығына сай ұзақ жылдар аудандық ауруханада провизор, врач-лаборант, соңғы бес жылында «Талап» АҚ №32-ші аптекасының меңгерушісі қызметінде болған Гүлнар Шәріпова (ол да осы ауылдың перзенті) өз қаржысы есебінен дәріхана ашып, жерлестерінің дәрі-дәрмекке деген сұранысын өтеуді ұйғарыпты. Бір шатырдың астында орын тепкен кәсіпкерлік қос нысанның ашылу салтанатында сөз алған Р.Зұлқашев, М.Аққалиев, Ә.Ғаббас, Б.Жұмағұлова жиынға қатысушыларды құттықтап, жеке кәсіптерін ашқан дәріхана иесі Гүлнар Сәлімқызы мен тіс емдеу кабинетінің иесі Архат Асқарұлының игі істеріне табыс тілеп, өзіндік сыйлықтарын ұсынды. Ауыл тұрғындары атынан сөйлеген Береген Қожағалиев пен Сырым Ғұбашев кәсіп иелерінің қадамдарына құтты болсын айтып, көптің алғысына бөленіңдер деген ізгі тілектерін білдірді. Өз кезегінде нысан иелері кәсібін ашуға қолдау көрсеткен аудан басшыларына ризашылықтарын жаудырды. Айта кетелік, бұл жиынға жұмыспен қамту орталығының директоры Б.Қарағойшин және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Е.Нүркеновтер де қатысты.

Сонымен, дәріхананың ашылу лентасын қию құрметі Рүстем Мүлкайұлы мен Гүлнар Сәлімқызына ұсынылса, тіс емдеу кабинетін аудандық аурухананың бас дәрігері Әділгерей Уәлиұлы мен Архат Асқарұлы ашты. Шашу шашылғасын ішке кірген көрермен қазақы салтпен ұсынған ақтан ауыз тиіп, тағы да ізгі тілектерін білдіріп жатты.

* * *

  Бұдан кейін жиналған жұртшылық музейге қарай ағылып, ағартушы-педагог, музейдің негізін қалаған Ахметфайыз Тажетдиновке ескерткіш тақта орнатудың куәсі болды. Тақта жамылғысын сыпыру құрметі аудан әкімінің орынбасары Р.Зұлқашев пен осында көп жыл қызмет еткен, еңбек ардагері А.Хамзинге ұсынылды. Өз кезегінде Рүстем Мүлкайұлы өткізіліп отырған шараның ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына тоқталса, музей кешені директоры Ғайса Махимов Ахметфайыз Юсуфұлының музейге сіңірген еңбегін жан-жақты әңгімелеп берді. Музей директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Г.Мырзағалиева ардагердің өмір, еңбек жолына шолу жасаса, көнекөздер А.Хамзин мен Б.Қожағалиев естеліктерімен бөлісті.

 

* * *

Осы күні ауылдық Мәдениет үйінде өткен  салтанатты  жиында  аудан әкімінің орынбасары Р.Зұлқашев «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары С.Сүлейменнің Алғыс хатын музей қызметкері Э.Ахметоваға, аудан әкімінің Алғыс хатын Қ.Ақбейісовке, Ж.Қожақоваға, Г.Ақмурзинаға, А.Федоридиге (бәрі де музей қызметкерлері) табыс етіп, «Нұр Отан» партиясы қатарына қабылданған 9 кісіге (бәрі де мұғалім) мүшелік билеттерін берді. Ауыл әкімі М.Аққалиев жыл қорытындысы бойынша үздік деп танылған Құрманғазы Алмурзинді (электор торабы жүйесі), Ажар Балабасованы (мәдениет қызметкері), Әсел Қалдыбаеваны (кәсіпкер), Амангелді Қадешевті (шаруа қожалығы жетекшісі), Ермек Ысмағұловты (мұғалім), Нұрила Мұстафинаны (музей), Шалқар Кенжеғалиевті (орман шаруашылығы) және Өтеғаным Қабесованы (балабақша) құттықтап, иықтарына «Жыл адамы» лентасын тағып, сыйлықтарын табыстады. Сондай-ақ, музей кешені директоры Ғ.Махимов кешен қызметкерлері Гүлмира Елемесова, Айнаш Бисекенова және Шолпан Қожановаға Батыс Қазақстан облысы мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасының Алғыс хатын ұсынды.

                                                                    А.АҚМУРЗИН.

Суреттерді түсірген Мират Қоржынбаев.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар