10.10.2017, 12:11
Қараулар: 387
Бабажановтық жасұландар

Бабажановтық жасұландар

Өсіп келе жатқан жас ұрпақтың бойына еліне, жеріне деген отансүйгіштік қасиетті дарыту мақсатында М-С.Бабажанов атындағы орта мектепте жасақталған «Жас ұлан» топ бүгінде белсенді жұмыс атқаруда. Жасұландықтар қатарына қосылу үшін оқушының алдымен сабақ үлгерімі жақсы болуы шарт. Тәртібі мен өзін-өзі ұстауы да назардан тыс қалмайды. 144 озат оқушыдан құралған бұл топтың президенті Д.Жасқайратова барлық істің басы-қасында жүреді. Ал, «білім министрі» Ә.Біләлов шәкірттердің күнделікті сабаққа қатынасуын қадағаласа, «тазалық министрлері» Г.Шәйдөкова мен Н.Мұқанбетқалиева сынып тазалығын, «спорт министрі» Н.Сапаров спорттық шаралардың талапқа сай өтуін бақылайды. Топ басшыларының жеке хатшылары мен көмекшілері және бар. Мектептегі мерекелік шаралар, спорттық турнирлер, оқушылар арасында дөңгелек үстелдер һәм дебаттар ұйымдастыруды өз жауапкершіліктеріне алған жасұландықтар тек мектеп өмірімен шектеліп қалмай, ауылдағы еңбек ардагерлерін де өз қамқорлықтарына алған. Олардың үйлеріне барып, ауласын тазалап, тозып не сыну қаупі төнген шарбақты жөндеп қалпына келтіреді. Сонымен қатар көктем шыға құстар орала бастағанда теректердің басына ағаштан үйшік орнату олардың әдетіне айналған. Атқарылған жұмыстар тоқсан сайын қорытындыланып,  талқыланады, орын алған олқылықтар түзетіліп отырылады. Ыждағаттылықпен көзге түскен белсенділердің еңбегі ескерусіз қалмайды, түрлі мадақтауларға ие болады.

– Жаңа оқу жылында тобымызды толықтыру мақсатында үміткерлерді іріктеу басталды. Одан соң сайлау өткізіліп, жаңа басшылар тағайындалады. Жалпы, «Жас ұлан» кеңестік кезеңдегі «пионерлер» ұйымы секілді. Екеуінің де көздеген мақсаты – оқушылардың бойындағы отансүйгіштік сезімді оятып, тұлға болып қалыптасуларына ықпал ету,-дейді ұландықтардың жетекшісі Мінәура Нұртайқызы.

Айтқандай аға-апаларының ізін қуған «Жас қыран» тобы да бар мектепте. Ол бастауыш сыныптардан-ақ балаларды өнерге баулуға бағытталғандықтан, қоғамдық жұмыстарға көп қатынаспайды. Құрамға ән айтып, би билеп, домбыра шертетін ұл-қыздар таңдап алынады. Топ толық жасақталған соң олардың өнерін дамытып, шабытын шыңдау үшін ұстаздар талмай еңбектенеді. Бүгінде ол істің де еш кетпегені айқын аңғарылуда. Кез келген жасқырандық көмейінен ән төгілтіп, би де билейді. Балаларға арналған түрлі байқауларда топ жарып, жүлдемен оралғандары да аз емес.

Болашағынан зор үміт күттірер жеткіншектеріміздің білім алумен қатар қоғамдық шараларға белсенді араласып жүргендері сүйсінтеді. Кемедегінің жаны бір. Олар қай істі болмасын ұйымдасып жасау керектігін жете түсінеді. Жасұландықтар бүгінгінің еркесі, еліміздің ертеңі.

Әділет ӘЗІЛХАНҰЛЫ.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар