16.01.2020, 15:50
Қараулар: 246
ОТТТЫ ЖЫЛДАР ШЕЖІРЕСІ

ОТТТЫ ЖЫЛДАР ШЕЖІРЕСІ

Соғыс хабары ресми жарияланғаннан бір сағаттан кейін Орда ауылында көп адам жиналған митинг болды. Оған қызметкерлер, жұмысшылар, интеллигенция мен колхозшылар қатысты. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Р. Мұстафин митингіні ашып: «Біз, Орда ауданының еңбеккерлері басқыншыларға қарсы Ұлы Отан соғысын жариялаған үкіметімізді қолдаймыз», − деді. Басқа сөйлеушілерде оны қызу қолдады. Митингке қатысушылар «Қандай қиын болса да, біз елімізге және сүйікті Қызыл Армияға қажетті нан, май, ет өндіреміз. Фашисттік басқыншылардың қара ниетіне қанша күш қажет болса, сонша ауылшаруашылық өнімдерін береміз» деген үндеу қабылдады. Отан қорғауға өз еріктерімен бармақшы болған мыңдаған ордалықтар аудандық әскери комиссариаттың алдын босатпады.

1941 жылдың маусым айы мен желтоқсан айлары аралығында алдыңғы шептегі армияға 1413 адам шақырылды. Жеңісті жақындату үшін егіс алқаптарымен мал фермаларында, теміржолда қызу еңбек қарқын алды.

 

***

Облыстық партия конференциясында партия комитетінің бірінші секретары А.Васильевский Сталинград майданының ең таяу линиясына кіріп отырған Жәнібек, Қазталовка, Орда, Фурманов аудандары Орал қаласында ерікті батальондар ұйымдастырылды. Ордада қыздардан мергендер және санинструктуралар дайындайтын курстар  ұйымдастырылды.

 

***

Соғыс жылдарында ауданымызда 19 ауылдық кеңес, 2 завод, 1 МТС, 48 колхоз жұмыс жасап, тұрғын саны  35323 адам болған екен.

 

***

1941 жылы 17 шілдеде Мемлекеттік Қорғаныс Комитеті Орта Азия әскери аймағының территориясында әскери бөлім құруға шешім қабылдайды. Осыған сәйкес Орда ауданынан ұлттық әскери бірлестікке 500-дей адам жазылды. 60 қыз бен үй шаруасындағы әйел жаралыларға көмек көрсететін дәрігерлік курстарда оқыған.

 

***

Соғыс үгіт жұмыстарын жандандыруды талап етті. Ауданда 488 үгітші жұмыс істесе, олар жарты жылда 117 жиналыс өткізіп, 72 қабырға газетін шығаруға 543 адам жұмылдырылған. Үгіт жұмысы барысында 1941 жылдың қазан айында ғана «Екпінді құрылыс» газетінің 434, «Приуральская правда» газетінің 184, аудандық «Жаңа жол» газетінің 450 данасы тартылған.

 

***

Майданға кеткен ер азаматтардың орнына әйелдер тартылады. Мәселен, тас соғуға жіберілген 30 қыз 20 мыңнан тас шығарады. МТС және совхоз жанындағы трактор курстарында 74 әйел оқыған. Сол кезде ауылдағы әйелдерінен әрбіреуі 2-3 жұмыс атқарған.

 

***

Ұлы Отан соғысы жылдарында еңбекшілердің майданға көрсететін көмектерінің бір түрі – ел қорғау қорына ерікті түрде қаржы аудару болатын. Облыстық «Приуральская правда» және «Екпінді құрылыс» газеттерінде «Оралөзен пороходы» басқармасы сенімді ел қорғау қорын кұру туралы үндеуі жарық көрді. Орда ауданының еңбеккерлері бұл үндеуді қызу қолдады. Жылдың аяғында ел қорғау қорына 39262 сом ақшалай, 48100 сомға мемлекеттік заем облигациясы, 1059 ц астық, 148 бас мал, 404 кг май, 30 ц ет, 100 кг жүн, 1460 гр күміс тапсырды.

 

***

Ауданда Отан қорғаушыларға жылы киім жинау жұмысы да қызу жүрді. Облыстық «Екпінді құрылыс» газеті атап көрсеткендей, Қызыл Армияға жылы киім жинау жөнінде аудан І орында болды.