2.10.2020, 15:21
Қараулар: 437
ҚАЛДЫРҒАН ІЗІҢ МӘҢГІЛІК…

ҚАЛДЫРҒАН ІЗІҢ МӘҢГІЛІК…

Мұғалім – араб тілінің сөзі.  Ислам тұрғысынан алғанда жас өркеннің сауатын ашып, дұрыс дүниетанымын қалыптастыру үлкен сауапты іс саналған. Мамандық бір болғанымен әр маманның кәсіби дайындығы әр түрлі, шеберлігі әр қилы. Бұл маманның ақыл-ойы,  талантының қандай деңгейде екеніне байланысты. Талант пен тәжірибе әр кімде әр қалай.

Қыркүйек. Оқу жылы басталды. М.Мәметова атындағы мектепте физика кабинетінде жаңа пән. Арнайы құрал-қондырғылармен жабдықталған кабинет мұндайды алғаш көрген біздің үлкен қызығушылығымызды тудырғаны сөзсіз.  Әр батырмасын басып қарап, құралдарын сипап қарап, қызықтап отырмыз. Есік ашылып, екпінді жүріспен физика пәні бойынша алғашқы ұстазымыз кіріп келді. Үстіне қона кеткен костюмі бар, бір қарамаға аса қаталдау көрінетін мұртты ағай. Ағайымыздың сеуіп қалған «Гвоздика» иіссуына қосылған темекі иісі құдды бір нағыз ер адамға тән  иістей сезіліп еді сол кезде. Орнымыздан тұрып, амандастық. «Саламатсыздар ма? Мен физика пәнінің мұғалімі Ғилман Нұрмұханұлы боламын. Отырыңыздар!» деп тіл қатты. «Ал, балалар, сіздер физика пәні туралы не білесіздер?» деп сұрады. Біздің сынып бірнеше сыныптың жақсы оқитын оқушылары жиналған тереңдете оқытылатын сынып еді. Әрине, жауап беруге ынта білдіргендер болды. «Механизм қай жерде болса, сол жерде физика. Жалпы алғанда техниканың бәрі тұнып тұрған физика» деп жауап берді. «Дұрыс-ақ, кім тағы не айтады?» деп сұрады. Бізде үн жоқ. Кітапты ақтарсақ та, ұғарымыз жоқ. Сықыған формула. «Жақсы балалар, физиканың қандай ғылым, нендей пән екенін қазір түсінетін боламыз» деді. Сынып үнсіз. Пәннің аса ауыр болатын түрі бар. Мұғалім тақтаға таяп барды.  Қолына борды алғанымен ештеңе жазбады. Ортаға шығып, бізге қарап тұрды.

Физика деген не? Бұл біздің өмір. Айналамыздағының бәрі физика заңына бағынады. Қолындағы борды көрсетіп, мынау – бор,- деді де, қолындағы борды тастап жіберді. Бор тақтай еденге барып, топ ете түсті. – Міне, мына бордың жерге түсуінің өзі физика заңына бағынады. Тіпті сендердің әр қимыл-әрекеттерің де осы физика заңына бағынады. Қазір түсінбеулерің мүмкін. Кейін мұны жақсы түсініп аласыздар, — деп көңілімізді бір серпілтіп қойды.

Иә, біртіндеп физика заңын ұға бастадық. Тәртіп бұзған оқушыға бағытталып лақтырылған бордың снарядтай  ауа қысымын бұзып жарып, борды бағыттап лақтырушының энергиясы кинетикалық әлеуетке ие боп, белгіленген траектория бойынша көзделген тентекке қалай жететінін ғылыми тұрғыдан түсіндік.

Әр ғаламшар өз орбитасы бойынша қозғалады. Бұл –  физика заңы. Сіздер су ішесіздер, велосипед тебесіздер, мұның бәрі тұнып тұрған физика! -деді. Осы сәтте біз қарапайым кабинетте емес құдды бір әр әрекетіміз физика заңына бағынған үлкен зертханада отырғандай, алдымыздағы орта бойлы қарапайым мұғаліміміз ғаламның барлық құпиясын танытатын ұлы сиқыршы сияқты көрінді.

Оның сабақтары аса қызықты болатын, мысалдар өмірден алынған қарапайым еді. Шым-шытырық ғылымның формула, теориялары күнделікті өмірден алынғандықтан миымызға қонымды, ойымызға шақ боп, орныға кеткендей. Екінің бірінің қиын көрінетін физиканы өз пәнінің білгірі Ғилман ағайымыздың арқасында оңай меңгердік. Қызыға оқығанымыз соншалықты оқулықтағы есептерді мәсе тұтпай, кеңес кезінде тыйым салынған академик Сахаровтың есептерін шығара бастадық.

Ағайымыз  қайтыс болғанға дейін физика менің сүйікті пәнім болды. Ғилман ағайымыздан физика ғылымын таныған оқушының бағы бар. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ біздер ағайымыздың арқасында ІІІ разрядты кәсіби электриктің білімін меңгердік.   Әр сабағы қызықты еді. Қарапайым, қара дүрсін өтпейтін. Ескі болса да, жөнделіп, құралған құрылғыдан әдістемелік фильмдер тамашалайтынбыз, түрлі құрал-жабдықпен зертханалық тәжірбие жасап, біздің пәнге деген қызығушылығымызды арттыра түсетін. Ағай арамыздан кеткен соң физиканың да қызығы кетті. Формула, сандар сүреңсіз көрініп, қасаң теория, жалаң баяндау ықыласымызды сөндіргендей болды. Ағай арамыздан кеткен кезде физиканың да бар ғажайыбы сол ұстазымызбен бірге жоғалғандай әсерде болдық. Иә, барлық адам данышпан, ақылды боп тумайды. Нұрмұханұлындай ұстаз біреу ғана. Ағайымыз кезінде өзі оқыған ЖОО-ның белсенді, озат студенті боп, қызыл дипломмен бітірген.  Жазғы науқанда ауылшаруашылығының аса бағалы қызметкері болды. Маңдайалды механик, озат комбайнер атанды. Ол жөндей алмайтын техника, ол құрай алмайтын құрал жоқ еді. Біздің ұстазымыз Ғилман Жармұқанбетов жүрегімізде осындай жарқын бейнесімен қалды. Жаткан жерiнiз жарык болсын, асыл ұстаз!

Арман ҚҰСАЙЫНОВ

Суретте: Ғилман ағай отбасымен