Ол – өз кезегінде жалпақ жұртқа жақсы атымен танылған ұстаз. Ол ақша аударса болды, мақаласы шығып, маңдайы терлемей, тест тапсырып-ақ, зерттеуші, сарапшы, шебер бола қоятын қазіргі кездегідей емес, маңдайалдылар ғана мақталып, марапатталатын сонааау кеңестік кезде республикалық атаулы мектептің мүшесі, облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының тұрақты лекторы болды. Іс -тәжірибесі аудан, облысты былай қойып, республика көлемінде кітапша болып басылып таратылды. Дәріптеп отырған бүгінгі кейіпкеріміз – Люба Лайықова. Бүгінде облыс орталығында тұратын Люба апамыз ауылдан көшсе де, аудандық газеттен қол үзбеген тұрақты оқырманы. Аудандық үнжарияны парақтап оқып қана қоймай, өз пікірін білдіріп, ойын ортаға сап отырады. Ұстаздар күні зейнеттегі ұстаз Люба Лайықовамен азды- көпті әңгіме-дүкен құрған едік.
- Мұғалімдікке қалай келдіңіз? Мамандық таңдауыңызға кім себепші болды?
- Әкем Ғайсағали үнемі мұғалімдерді, Алматы асып, мұғалімдіктің оқуын оқып, ұстаз болған Қазира деген қарындасын үлгі тұтып сөйлейтін. «Ана ағайынның қызы мұғалімдікті бітіріп, керемет маман боп отыр» деп аса бір ризашылықпен айтып, тіпті «Менің де қызым ертең мұғалім болады» деп кесіп сөйлейтін де еді. «Әкемнің үмітін ақтау – мұғалім боп, жақсы маман болу» деп түсінгенім шығар, әкем үлгі еткен адамдар сияқты сыйлы мамандық иесі болғым келді. Біздің кезімізде ауылдағы ағайын үшін мұғалімнің орны ерекше еді ғой. Ең жақсы мамандық мұғалімдік, таңдаулының таңдаулысы ға осы мамандықты игере алады деп түсіндік.
- Бұрынғылар «Мұғалім бол!» деп бата беретін. Онысы «ортаңның маңдайалдысы бол!» дегені еді. Соңғы кезде мұғалімдік күн көрудің амалы, үлгерімі орташалардың ақылы оқуындай ғой. Мойындамасқа амал жоқ, озат оқушылардың арасында мұғалімдікті таңдайтындар некен-саяқ. Бұған не айтасыз?
- Сөзіңнің жаны бар. «Мұғалім бол!» дегені бата сөзі сияқты еді. Ол кезде мұғалімнің мәртебелі мамандық екені белгілі. Мұғалім мектептің негізі маманы ғана емес, идеология үшін де таптырмас тұлға болды. Мұғалім мамандығын игерген азаматтардың комсомол, партия жұмыстарына тартылып, өсіп, өрлеуіне жол ашатын еді. Қазір оқу көп. Оқимын дейтіндерге шекара ашық, мүмкіндік көп. Үлгерімі орташа балалардың мұғалімдікке көптеп барып жатқаны рас. Бірақ сол мектепте орташа оқыған оқушы мамандығын шын сүйсе, әдістемені жетік меңгеріп, жақсы маман болуы әбден мүмкін. Ең бастысы, ниеттің түзулігі ғой.
Тағы бір жайт, қазір жоғары оқу орны көп. Бұрын облыста бір-екілі ЖОО болса, қазір онға жетіп қалған шығар. Сан көп те, сапа жоқ. Біздің кезімізде ЖОО-ына емес, педучилищеге түсудің қиямет қиын еді. Сессия бойы сабаққа бармай, семестрді жақсы бағаға аяқтап жататындар баршылық. «Бұл қалай болды?» деп сұрасаң, «ақша жинап бердік» дейді. Сынақ, емтиханды ақшаға сатып алған студент ертеңгі күніне азық жинай алмасын білсе екен деймін.
Мұғалім мамандығын таңдаған жан ізденуден, біліктілігін арттырудан еш шаршамауы керек. Мұғалімдік – тәжірибемен шыңдалатын мамандық. Өз басым орыс сыныбының мұғалімі демеді, пәні басқа демедім, мынау жақсы деген ұстаздың әдістемесін үйрену үшін сабақтарына кіретін едім. Бұл маған үлкен олжа деп санадым.
Қазіргі жас маманға айтарым, мұғалімдікті айлық табар кәсібім демей, алдына келген баланың болашағы менің берген біліміммен қаланады-ау деген оймен жұмыс жасаса, ол мұғалімнің осал болмағаны. Бір емес, бірнеше баланың, ертеңгі бірнеше тұлғаның қалыптасуына жауапты екенін ұққаны маңызды.
- Тағы да сол бұрынғыда ұстаз еңбегінің көрсеткіші шәкірттің жетістігі еді. Шәкірті облыстық, республикалық, тіпті халықаралық олимпиадалардан орын алса, оқуға түссе, ол ұстаз еңбегінің көрсеткіші саналатын. Бүгінде қатысып-қатыспағанын оқушының ата-анасы түгілі оқушының өзі білмейтін онлаин-байқау, параолимпиадаларға қатысуы да жетістік болды. Портфолио толы грамота. Көре алмаушылық, іш тарлық демеңіз, бірақ бұл ауырдың асты, жеңілдің үстімен жүру емес пе?
- Бұл турасында не айтайын? Маған таңсық дүние ғой. Қазір немере-жиендеріміз қашықтан оқып жатыр. Қазірде онлайн оқуда. Білмей қалып жатса, сыбырлап айтып жататынымыз рас. Онлаин-байқау, параолимпиада дегендерің де сол сияқты ғой. Тікелей өзі барып қатысқандай еш әсері жоқ. Ондай шараларға қатысудың өзі неге тұрады?
- Немере-жиенді онлаин оқытып отырмыз деп қалдыңыз? Қазіргі оқу бағдарламасына зейнеткер Люба апайымыздың біліктілігі жетіп жатыр ма?
- Оқытудың әдіс-тәсілі, жолы өзгергенімен мазмұны сол ғой. Әзірше тап бір қинала қойғам жоқ. Ұстаздықтан әлі де қашпас едім. Әттең жасым бой бермейді ғой.
- «Мұғалім боламын» деген ұрпағыңыздың, тума-туыс, бауырдың белін буып, ақ жол тілейсіз бе? Әлде «бағыңды басқадан сына!» деп ақыл бересіз бе?
- Өзі мұғалімдік мамандықты таңдап тұрса, бетін қақпаймын. Бағдарлай алмай, бір шешімге келмей тұрған балаға «мұғалім бол, қыстақта отырсаң да қызмет табылады, аштан қалмайсың» деп ақыл айтпаймын. Мамандық таңдау да жүректің әміріне құлақ түру керек. Қазір керісінше, көп ата-аналар мұғалімдік пен дәрігерді қоғамның ең бір байғұс мамандығына балап, балаларын осы саладан аластап жатады ғой. Жұмыстың қиындығы, табысының аздығы осындай теріс қалыптастырып тұр ғой. Күні кешегі пандемия кезінде осы жалақысы мардымсыз, қадырсыз саналған қос мамандықтың мәртебесі асқан сияқты. Адамзат бар жерде мәңгі жасайтын кәсіптер ғой. Кәсіп иелерінен біліктілік пен жауапкершілік, қоғамнан құрмет керек қой. Ал үкімет бұл мамандардың мәртебесін өсіруге бар жағдайды жасап жатыр деп есептеймін.
- Жағдай демекші, сіздің кезіңізде ұстаздың жалақысы, көрсетілген қолдау қандай болды?
- Біз жұмыс жасаған кезде жалақысы жүктемесіне, санатына қарай төленетін еді. Көмір берілетін, электр шығынын өтеп берілетін.
- Тағы да сол жағдайдың айналасында әңгімемізді жалғастырсақ, қазіргі мектептің материалдық-техникалық базасы жақсы. Шалғайдағы елді мекеннің өзіне ғаламтор тартылып, компьютермен жабдықталған, барлық дерлік мектепте мультимедиялық кабинет бар. Сыныптағы оқушы саны шағын. Бірақ білім деңгейі орташадан аспайды. Аға буынның үшпен зорға бітіргендерінің өзінің каллиграфиясы мінсіз, алгебра, геометрияның теорема, аксиомасын әлі күнге парықтап айтып, талдап бере алады. Бор мен тақтамен шектелген сол кездің білім жүйесінің ерекшелігі неде?
- Сөзіңнің жаны бар, қазір сыныптағы оқушы саны шектеулі. Алғашқы қабылдаған сыныбымда 42 бала болған еді. Мектепке алғаш келген балаларды мектеп тәртібін үйрету, партаға отырғызудың өзі қиын боп еді. Сен айтып отырған мінсіз каллиграфия партада дұрыс отыру, дәптерді сәл қисайтып ұстау сияқты қарапайым тәртіпті сақтаудан басталады. Ол кезде «Көркем жазу» деген арнайы сабақ болатын. Жеке пәннің болуы да оқушыны жақсы, ұқыпты жазуға үйретуде маңызды. Кейін ол пән алынып тасталды. Қазіргі кезде ғаламтор деген ізденгіш ұстазға үлкен мүмкіндік, кереметтей көмекші. Қазіргі әріптестерімде көрнекіліктен еш қиындық жоқ. Бүгінде плакат, ватман, трафарет, түрлі түсті суреттерді қиып ап жинау, қалташа, топтама жасау, жалпы көрнекілік жасау деген архаизмге кеткен түсінік. Қазір материал көп, ақпарат көп. Сонымен бірге оқушының зейінін бөлетінін ұялы телефон, көп каналды теледидар, компьютер деген тағы бар. Жүйелеп айтсаң, ол кез бен қазргі оқыту жүйесінің ерекшелігі де, айырмашылығы да көп. Теледидар, компьютер демекші, оның да пайдасымен бірге зиянды жағы да бар. біздің кезімізде әр шаңыраққа «Балдырған», «Пионер», «Мурзилка» баратын. Сынып болып оқып, ебі бар оқушылардың жазбаларын сол басылымдарға жолдап, ынталандырып отыратын едік. Қазір үлкеннің есіл-дерті – сериал, кішінің бар ынтасы – қолындағы телефоны. Осының өзі баланың сабақ оқуына үлкен кедергі. Баланың қолына телефон ұстатпай отыра алмайсың, заман талабы сол болса. Бірақ, уақытын шектеп, нені қарап, нені қарауына болатынын ата-ана реттеп отыруы керек. Сонда кітап оқуға да уақыт табылады.
- Люба апай, қырық жылдық еңбек өтілі бар ұстаз жетпіс бестің биігінен тұрып, ұстаз деген ұлы мамандыққа қандай анықтама бересің? Әріптестеріңізге қандай тілек айтасыз?
- Ең алдымен, елден кетсем де, еңбегімді ескеріп, мені тауып, сұқбат құрып жатқан саған рақмет. Ұстаздық – мәңгі мамандық. Ұстаз алдын көрмеген адам болар, бірақ маман жоқ. Қай-қай табысы толайым, бағы артық деген маман иесінің өзі бір кезде шәкірт. Егер мұғалім оған дұрыс білім бермесе, оның табысты болуы екіталай еді. Меніңше, ұстаз – тұмса бұлақ көзін ашушы сияқты, беймәлім әлемге бастап кірер шырақшы ғой. Мектепке алғаш келген бүлдіршіннің сауатын ашып, дүниетанымын кеңейту, бағдар беру – тек ұстаздың ғана міндеті. Әріптестеріме айтарым, абыройлы болыңыздар! Күні кеше алдынан кеткен шәкіртің сан жылдан кейін сәлемін беріп, алдыңнан кесе өтпей, құрмет білдірсе, осы сенің мәртебең. Мәртебелі болу үшін маңдайың терлесін, бүгін жаныңды жеп жұмыс жаса дегім келеді.
- Уақыт бөліп, сұқбат құрғаныңызға рақмет. Елге тілекші боп, аман отырыңыз.
Сұқбат құрған Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ