19.04.2016, 18:18
Қараулар: 416
Сайқындықтар тасаттық берді

Сайқындықтар тасаттық берді

Садақа – ойлаған мақсатқа Құдайдың көмегімен жетеміз деген діни түсініктен туған халықтық дәстүр. Әдетте, ол қиын жағдайға тап болғанда одан құтылу немесе оның салдарын жеңілдету үшін беріледі. Садақаның түрі көп. Соның бірі – тасаттық беру. Тасаттық садақасы құрғақшылықтың алдын алу мақсатында жаңбыр тілеп, ауыл болып бірігіп, көпшілік атынан құрбандық шалу. Бұл дәстүр халық арасында бағзы заманнан бері сақталып, көрініс тауып келеді.

Қасиетті жұма күні ауылдың шығыс бетіндегі Шәндекен қорымынан берірек көкорай шалғынға төселген кілемдердің үстіне жайғасқан жамағаттың қарасы айтарлықтай қалың көрінді. Аудан имамы Н.Иманғалиев жиналғандарға шараға қатысуда белсенділік танытқандары үшін ризашылық білдіріп, ислам дініне бет бұрудың маңыздылығын атап көрсетіп, тасаттық жайында түсінік берді. Дұға оқып, Жаратушыдан ауа райының қолайлылығын, жаңбыр жаууын, ел тыныштығын, әр шаңырақтың амандығын сұрап, тілек тіледі. Аудан әкімі Н.Рахымжанов тәңір қолдап, дұға-тілектеріміз қабыл болғай деген ізгі ниетін жеткізді. «Думан» тойханасында арнайы жайылған дастархан басында садақа жалғасын тапты. Келушілер имандылық ұйытқысына мұрындық болған Сайқын ауылдық округі әкімшілігіне, ауыл кәсіпкерлеріне, шаруа қожалығы жетекшілеріне, қызмет еткен барша жүрушілерге рахмет айтып, үлкен ризашылықтарын білдірді.

А.ЖҮНІСОВ.