11.05.2016, 16:51
Қараулар: 287
«Чуть не герой…»

«Чуть не герой…»

«Даңқ» ордені – Ұлы Отан соғысы жылдарында солдаттар мен сержанттардың ерлігін дәріптеу мақсатында 1943 жылдың 8 қарашасында КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен тағайындалған. Үш дәрежелі (III-II-I) жауынгерлік награда. Оның үш бірдей дәрежесіне ие болған жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағын алған адаммен парапар саналады. Ордалықтар, барша оқырман қауым марқұм Темірғали Қарашевтің осы «Даңқ» орденінің екі дәрежесінің (III-II) иегері екенін мақтаныш етіп, «Наш Темакан, чуть не герой» дейтін-ді. Бір көңіл аударарлығы Темақаң бұл орденнің екі дәрежесін де 36-шы артполктің взвод командирі Иван Михайлович Пимаховтың қарамағында (1943 жылдың мамыры  – 1944 жылдың 20 қазаны) қызмет еткен кезде алыпты. І дәрежесін де алады екен, егер…

«1944 жылы Будапешт түбегінде болған ұрыстарда Т.Қарашев «Даңқ» орденінің І дәрежесін беруге лайық ерлік жасады. Алайда, сол кезде менің жаралы болып, кейін басқа бөлімге ауысуым, тиісті құжат толтырып, оны осы наградаға ұсынуға мүмкіндік бермеді. Сол үшін әлі күнге өкінемін»,- депті И.М.Пимахов өз естелігінде.

Иә, оған дейін Т.Қарашев қаншама қанды ұрыстарға қатыспады дейсің. Ол әуелі Ақтөбеде құрылған 312-ші дивизияның 812-ші артполкінің жауынгері болды. Дивизия Саратов облысы жерінде біраз жаттығулар жүргізгеннен кейін Москваға таяу Калинин қаласына келіп, бір айдай қорғаныста тұрды. Осында бұл құрама 43-ші Армияның 53-ші дивизиясы болып, қайта жасақталады. Біздің кейіпкеріміз бастан-аяқ осы дивизияның 36-артполкінің жауынгері болған.

Айта кетелік, Темақаң ұрысқа алғаш рет 1941 жылдың 12 қазанында Малоярославец түбегінде кіреді. 18 қазанда оның бөлімі Бородино селосына келіп, қорғаныста тұрады. Атақты Бородино! 1812 жылы, дәл осы уақытта, осы село түбінде тарихи ұрыс болғаны белгілі. Ол туралы біз орыстың атақты ақыны М.Ю.Лермонтовтың осы аттас поэмасынан білетінбіз. Онда бұрын жеңіліп көрмеген Наполеонның «он екі тілді» армиясы дарынды қолбасшы Кутузов бастаған орыс армиясынан оңбай таяқ жеген болатын. Енді, міне, араға 130 жыл салып, бұл жермен неміс басқыншылары сол кездегі Одақтың жүрегі Москваға ентелеп келе жатты.

– Осында қатты ұрыстар болды,- деп еске алатын марқұм Темақаң бізбен әңгімесінде. – Немістер біздің қорғаныс шебімізді бұзып өткісі келіп, әлденеше рет шабуыл жасады. Бірақ, оларынан түк те шықпады. Оның үстіне бізге тағы да қосымша көмек келіп, немістердің шабуылын тойтардық. Бородинодан көп қашық емес Бородаевка селосында немістердің ірі күші шоғырланған-ды. Селоның екі жақ үшін де айтарлықтай стратегиялық маңызы болды. Батальон командирі Барса командованиенің рұқсатымен қарашаның бас кезінде 800 адамдық батальонын тік көтеріп, түн жамылып жолға шығарды. Операция сәтті аяқталды. Сағат түнгі 12-ден таңғы 5-ке дейін немістердің шебін айналып өтіп, күтпеген жерден ту сыртынан келіп тиістік. Сөйтіп, селоны жаудан босаттық. Бұл кезде біздің бір жақ қанатымызда қазақстандық Панфилов дивизиясы немістермен ауыр ұрыстар жүргізіп жатты. 1941 жылдың 16-қарашасы күні Москваға таяу Дубосеково разъезінде немістің 50 танкісіне қарсы жекпе-жек шайқаста 28 панфиловшының асқан ерлік көрсеткені бүкіл майданға тарады. Бұл күні барлық әскери бөлімдерде, соның ішінде, біздің бөлімде де осы оқиғаға арналған жиналыстар өтті. Онда комиссарлар, политруктар, жалпы барлық саяси қызметкерлер ерліктің жай-жапсары мен маңызын егжей-тегжей түсіндірді. Оқиғаның әр солдаттың рухын жоғары көтергені соншалық, олар енді әр ұрысқа құлшына кірісті, Отанға деген сүйіспеншілігі одан сайын арта түсті. 6-желтоқсаннан бастап немістердің шабуылы біржолата тойтарылып, бүкіл майданда кеңес әскерлерінің жаппай шабуылы басталды. Біздер енді жауды тықсырып, Смоленскіге қарай алға жылжыдық. Москва түбіндегі ұрыстарда мен «Ерлігі үшін» медалімен наградталдым, — деп алғаш алған медалінің сырын шерткен Темақаң әңгімесін осылайша аяқтаған-ды.

Ел мұндай ерлерін қайтіп ұмытсын-ау?! Көз көргендердің ол кісі туралы айтар әңгімесі әсерлі болатыны да сондықтан шығар.

А.ЖҮНІСОВ.