11.05.2016, 17:09
Қараулар: 354
Жеңіс сарбазының майдан жорықтары

Жеңіс сарбазының майдан жорықтары

Еуропаны түгел жаулап алып, Кеңес Одағына тұтқиылдан тап берген фашистік Германиямен болған соғыста ерлігімен ерекшеленген жерлестеріміз аз емес. Солардың бірі – Сейсен Кенжеғалиев 1917 жылы Бисен ауылдық кеңесінде дүниеге келген. Сауатын ерте ашып, зеректігімен танылған ол 1931-1932 жылдары сауат ашу мектебінде сабақ та береді. 1933-1935 жылдары Орал қаласындағы жұмысшылар факультетінде (рабфакта) дәріс алып, кейін Фурманов ауданындағы педучилищеде оқиды. 1936-1941 жылдары Орда ауданының Қарғалы, Жиекқұм ауылдық кеңестеріндегі мектептерде мұғалім, 1941-1942 жылдары Орда аудандық прокуратурасында тергеуші болып қызмет істейді. 1942 жылдың мамырында әскерге алынғанша, ауыл жігіттері Нұфтығали Қабесов, Оразай Берікқалиев, Баймұқан Есенғалиевтермен бірге «Өркен» колхозының орталығында ашылған әскер өнерін үйрету мектебінде жаттықтырушы болады. Онда әскери сапқа тұру тәртібі, әуе шабуылынан қорғану ережелері үйретіліп, азық-түлік, қару-жарақ салынған қапшықтарын арқалап, ондаған шақырым жол жүру сынды жорық жолдарына дайындық пысықталыпты.

С.Кенжеғалиев туралы ордалық марқұм Дариға Каленбаева (Айтжан Ділешевтің жұбайы) апамыздың: «Сейсен – Айтжанның қарындасын алған күйеу. Оның майданға кетіп бара жатып, үйіне жазған 17 беттен тұратын өлеңің жатап алып, айтып жүретінбіз»,- дегені бар-ды.

Аттандық біз Отанды қорғау үшін,

Дененің қуаты мен жинап күшін.

Құтырған Гитлермен күресеміз,

Аямай шыбын жанды халық үшін, —

деп басталатын отыз бір шумақтан тұратын бұл өлең музей қорынан, түпнұсқасы ұрпақтары қолынан табылды. Хат үй-іші мен ағайын-туған, дос-жаранға амандық тілей отырып, қиын-қыстау күнде жасымай, бірлікпен шаруаны қамдап, ел қорғанын арттыруға үндейді. Жарқын күнде қауышуға жігер береді.

Аға сержант С.Кенжеғалиевтің жорық жолы бөлімше командирі ретінде Сталинградты қорғаудан басталады. Батылдығы әрі ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен ол 169-атқыштар дивизиясына қарасты 556-шы атқыштар ротасы командирінің орынбасары, рота партия ұйымының саяси жетекшілігіне ұсынылады. Қатары сиреген ротаны қайта жабдықтап, жауынгерлерді жігерлендіріп, әрбір сүйем жер үшін күресуге, ұрысқа дайындау – саяси жетекшінің қызметі. Қаруластарына рухани дем беріп, айбаттандыра білген Сейсен ағаны жауынгерлер «дядя Саша» деп атап кетеді.

Алғаш рет 1942 жылдың 15 тамызында Сталинград қаласы маңында мина жарқыншағы қабағының үстін жеңіл жараласа, 1943 жылдың  18 наурызында Лиза селосы үшін болған ұрыста (Оңтүстік-Батыс майданда) сол аяғынан жараланып, госпитальда 7 ай жатып емделеді. Одан әрі 3-ші Белорусс майданының 112-атқыштар дивизиясының 385-атқыштар ротасы құрамында Курск иініндегі шайқастарға қатысады. Осы өңірдегі Фатеж қаласы үшін болған ұрыста ерлігімен көзге түседі.

Майдангер туралы зерттеу жұмысымызда ғаламтор жүйесінен төмендегіше мәлімет таптық. Онда: «97-ші гвардиялық атқыштар полкінің 1-ші атқыштар батальонының атқыштар взводы командирі лейтенант Сейсен Кенжеғалиев Белорусс майданының 31-ші гвардиялық Қызылтулы, Суворов орденді Витебск атқыштар дивизиясы командирінің №071/н ұсынысы негізінде «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды» делінген.

Кейін екпіндете шабуылдаған кеңес әскері Пруссия жеріне де жетеді. Шығыс Пруссияның көптеген қалалары мен селоларын азат етіп, Кенигсбергке таялады. Неміс-фашист командованиясы қала аумағын мықты темірбетондармен нәлдеп, аласа тас қоршаудан үш қатар қорғаныс шебін құрып, берік қамалға айналдырған. Танкіге қарсы су толтырылған ені 20, тереңдігі 7 метр жасырын орлар қазылған. Форттар арасы темір бетонды доттар, бункерлер, т.б. тастан қаланған құрылыстар толы атыс ұялары. Қаланың әкімшілік орындарының ірі ғимараттары мен зауыттарында да күшті қорғаныс жасақталған. Көшелер мен алаңдар темірбетонды көп ұңғылы атыс орындары мен бүркемеленген танктер, артиллерия қондырғылары. Сондай-ақ, жеткілікті оқ-дәрі, құрал-жабдықтармен қамтылған. Осындай қорғаныстағы Кенигсбергті алу кеңес әскерінен күшті ғана емес, шебер ұрыс тактикасын, жоғары жауынгерлік рухты талап етті. Олардың осы талаптан көрінуі арқасында қала біздің қолға көшті. Осы қырғыннан аман қалған С.Кенжеғалиевтің ротасы Польша, Одер үшін болған шайқастарда да алдыңғы лектен табылыпты.

Майдангер өз марапаттарының ішінен «Сталинградты қорғағаны үшін» медалін ерекше ыстық көреді екен. Ол, сондай-ақ, «Москваны қорғағаны үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «Польшаны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарының да иегері. Елге 1946 жылы аға лейтенант шенінде оралған ол 1946-1952 жылдары Талап жетіжылдық мектебінде директор, Орда ауданы тараған соң Чапаев ауданының Қожахар ауылдық мектебінің оқу ісі меңгерушісі, 1964 жылы М.Мәметова атындағы мектепке келіп мұғалім, жатақхана меңгерушісі болып, зейнетке шыққанша еңбек етеді. Бүгінде ұрпақтары жеңіс сарбазының құжаттары мен қолжазбаларын көздің қарашығындай сақтап отырса, немере-шөберелері атасының ерлігі аңызға айналған майдангер екенін мақтан етеді.

Гүлжиян САПАРҒАЛИЕВА,

Бөкей ордасы тарихи-музей кешенінің бөлім меңгерушісі.