28.05.2016, 11:21
Қараулар: 313
«Айналдым елім, Қазақстаным!»

«Айналдым елім, Қазақстаным!»

Ел Тәуелсіздігінің 25, Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның 50 жылдығына арналған «Айналдым елім, Қазақстаным!» атты концерттік бағдарламамен аудандарға гастрольдік сапармен шыққан Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі сәрсенбі күні кеште аудандық мәдениет үйінде өнер көрсетті.

 

Сахна шымылдығын Түркештің «Көңіл ашарымен» түрген оркестрді жүргізуші, мәдениет саласының үздігі Камалиден Айтбаев көпшілікке біркелкі таныстырды. Халықаралық «Серпер», «Жұбанов көктемі» фестивальдерінің лауреаты атанған өнер ұжымының көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Еркін Нұрымбетовтің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, республика мәдениет саласының үздігі екеніне де тоқтала келіп: «Оркестрдің бүгінгі жетістіктері мен жеңістері оның есімімен тығыз байланысты. Репертуарымызда әр жанрдағы 700-ден астам шығарма болса, соның 300-ін Еркін Нұрымбетов оркестрге лайықтап түсірді», — деді.

2001 жылы қайта құрылған Дәулеткерей атындағы халық аспаптар оркестрінің бас дирижері, көркемдік жетекшісі болған, 2011 жылдан осы оркестрдің дирижері қызметінде жүрген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қырымгерей Қажымовты бөкейліктер сонау кеңестік кезеңнен біледі. Ол Орданың халық оркестрінің шеберліктерін шыңдауларына да өзіндік үлес қосқан. Биыл 70 жасқа толған өнер тарланының ширақ қимылы жерлестерімізді тәнті етті. Оның басқаруымен оркестр Дәулеткерейдің «Қыз ақжелеңін» сызылтып, Балнұр Қыдырбектің «Қырғыз күйін» төгілтті. Құрманғазының «Адайын» төкпелетіп, Динаның «Науысқанын» шертті. Тұяқберді Шәмеловтің «Еділ патша», Арам Хачатурянның «Гаянэ» балетінен «Қылышпен билеу», Нұрғиса Тілендиевтің «Махамбет» шығармаларын тамылжыта орындап берді. Сондай-ақ, жерлестеріміз, әкелі-балалы дәулескер күйшілер Ермек-Асылхан Қазиевтер де тыңдармандардың құлақ құрышын қандырды. ҚР мәдениет саласының үздігі, республикалық Құрманғазы атындағы конкурстың бас жүлдегері, оркестрдің бас концертмейстері  Асылхан  Ермекұлы  Махамбеттің  «Жұмыр-Қылышы» мен Дәулеткерейдің «Көроғұлын», «Құрмет» орденінің иегері, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Бөкей Ордасы ауданының Құрметті азаматы Ермек Еселұлы Сейтектің «Ортпасы» мен Динаның «Байжұмасын» нақышына келтіре тартып берді.

Оркестрдің сүйемелдеуімен әнші Айбар Қайырханов Қырымгерей Қажымовтың «Жәңгір арманын» аңыратып, Джоаккино Россинидың «Севиль шаштаразшысы» операсынан Фигароның серенадасын құйқылжытты. Кейін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қатимолла Бердіғалиевпен қосылып, екі дауыста Өмірбек Байділдаевтың «Туған елі» мен Сыдық Мұхамеджановтың «Әйтеуір сол қыз, бір сұлуын» әуелетті. Қатақаң жеке дауыста Қырымгерей Қажымовтың Қадыр Мырза-Әлидің сөзіне жазылған «Ауылды аңсадымын» асқақтатып, Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсынан «Естайдың термесін» төгілтті. ҚР мәдениет қайраткері Сағадат Рахметжанов та домбырамен «Дос әзілі (сөзі Нығмет Нағымовтікі, сазы Сағит Садықовтікі) шырқап, өзінің таныстыру термесін де орындады.

Еркін Нұрымбетовтің «Балдырған» шығармасын саз-сырнаймен құбылтқан республикалық байқаулардың лауреаты Гауһар Белмашева сайқындық Секеновтердің келіні екен (Нариманның зайыбы). Жалпы оркестр құрамында жоғарыда аталған жерлестерімізден өзге жастар да баршылық көрінеді. Өнерлерің үстей берсін,- дейміз оларға.

Дархан дала, байтақ дала, кең дала,

Неткен сұлу, неткен әсем айнала.

Барлығы да мына сенен жаралған,

Қасиетті топырағыңнан нәр алған.

Осылайша ақындар жырға, Құрманғазы күйге қосқан «Сарыарқамен» концерттік бағдарлама өз мәресіне жетті.

Айта кетелік, өнерпаздар ұжымына аудан әкімінің «Ықылас» гүлі ұсынылды. Сахнаға  көтерілген  Нұрлан Сағынтайұлы дәстүрлі халық өнеріне сусап отырған жандарды бір серпілтіп, сазды әсем кеш сыйлағандары үшін ризашылық білдіріп, облыстық филармония директорының орынбасары Асхат Тарасұлы Қажығалиевке (өзіміздің Саралжын ауылында туып-өскен) «Алғыс хат» табыстап, мерейлі мерекелер қарсаңында толымды шараны өткізуге ұйытқы болған облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасына, оның басшысы Дәулеткерей Атауұлы Құсайыновқа шынайы алғысын жеткізуді өтінді. Және өткен жылы Хан Ордасындағы оздырылған Қазақ хандығының 550 жылдық тойына сүбелі үлес қосқандары үшін оркестр ұжымына ескерткішке Жәнібек пен Керей сұлтандар бейнеленген картина сыйлады.

Аудандық аурухананың дәрігері Нәсіп Қанатқызы Нүркенова өнерпаздарға денсаулық сақшылары атынан рахмет айтып, дирижер Қырымгерей Қажымовты 70 жасымен құттықтады, Асылхан Қазиевке өз ұжымы атынан ескерткіш сыйлық ұсынды.

Атыңнан айналайын, егемен ел,

Бақыт пен байлыққа тек кенеле бер!

Мерейің құтты болсын, Тәуелсіздік,

Ғасырдың тойы болшы келе берер!

Жүргізушінің бұл тілегіне қосылған жерлестеріміз де қошеметтерін дуылдата қол соғумен білдірді.

 

К.ҒАЙСИН.