28.05.2016, 11:23
Қараулар: 345
Жаңаша жүйе – заман талабы

Жаңаша жүйе – заман талабы

Кітап – білімнің бұлағы болса, кітапхана – адамзат баласының рухани тыныс-тіршілік ортасы ретінде танылып, жаңа дәуірде жаңаша дәстүр келбетімен бүгінгі қоғамға өзінің қажеттілігін мойындатуда. Еліміздің мәдени өміріне белсене араласуы арқасында олардың мәртебесі жылдан жылға биіктей түсуде. Аудан тұрғындарына қызмет көрсетіп отырған 22 мемлекеттік кітапханада 36 маман істейді.

 

Қазіргі күні әріптестеріміз заманауи технологияны, қызметтің тиімді түрлері мен әдістерін жаңарту арқылы оқырмандар арасында жақсы имидж қалыптастырып келеді. Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде «Ауыл кітапханаларын модернизациялаудың 2015-2016 жылдарға арналған бағдарламасы» да жасалды. «Модельді кітапхана» жасауға Орда ауылдық кітапханасы мен Орда ауылдық балалар кітапханасы ұсынылды. Аудандық балалар, Орда балалар кітапханасында ОКЖ әдіскері Р.Жүсіпқалиеваның жетекшілігімен дайындалған «Балапан» бағдарламасы негізінде құрылған «Қуырмаш» кітапханалық жобасымен жұмыстар жүргізілуде. Болашақта басқа округ орталығындағы кітапханалар да осы жобаны қолға алмақ. Үш тілді меңгеру бағытында ұйымдастырылған «Тілашар» жобасы екі кітапханада жүзеге асуда. Ондағы мақсат – кітапханаға оқырман тарту. Осы бағытта жас мұғалім А.Нұрланова аудандық кітапханада балалармен әр сенбіде жұмыстар жүргізіп келеді.

Кітапхана жетістіктеріне тоқталсақ, Х.Есенжанов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасы ұйымдастырған «Ақжайық өңірінің оқырман отбасы – 2015» облыстық байқауында саралжындық Еркінғалиевтер отбасы, биылғы байқауда бөрлілік Арыстановтар отбасы ІІІ орын иеленді. Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының бастамасымен оздырылған «Қадыр оқулары» байқауына бисендік Жайдарбек Бисекеев облыста ІІІ орыннан көрінді. Заман ағымына қарай ауданымыздың кітапханалары жас толқынмен толығу үстінде. 2014 жылы Үштерек елді мекеніне, 2015 жылы Жиекқұм ауылына тұрақты қызметке жас маман алынды.

Тұңғыш Президент күніне орай Бисен ауылдық кітапханасының меңгерушісі Л.Сембиева кітап инстоляциясын, яғни, «Маңдайға біткен тұлға» атты көрме шығарып, шолу жасаса, аудандық кітапханада Ұлы Жеңістің 71 жылдығына орай «Соғыс оты шарпыған жылдар» атты мәнерелеп оқу сайысы өтті. Сайыс шартына сәйкес байқауда мәнерлеп оқуға таңдап алынған өлеңнің тақырыбы, қатысушылардың дауыс ырғағы, мәнерлеп оқу шеберлігі сарапқа салынды. Белгілі қазақ ақындарының өлеңдері, сондай-ақ, жерлес ақын Нұрқат Шәріпқалиев атамыздың да соғыс жайындағы бірнеше өлеңі оқылды. М-С.Бабажанов атындағы орта мектептің оқушысы Дельназ Жасқайратова бірінші, Аяжан Хайролла екінші, Фариза Ғабілманапова үшінші орынды еншіледі. Жеңімпаздар грамота және сыйлықтармен марапатталды. Нұрлы Әбілхайырова Орда балалар кітапханасында партизан қозғалысы тарихында өзінің айрықша колтаңбасын қалдырған Қызыл Жұлдыз, І, ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерінің иегері, радистка жерлесіміз Нұрғаным Байсейітованың ұрпақтарымен кездесу кешін ұйымдастырды.

Биыл еліміздің Тәуелсіздігіне – 25 жыл. Осыған орай аудандық кітапханада  «Әлем таныған Қазақстан» тақырыбында жаңа үлгіде үлкен кітап көрмесі шығарылып, оған да шолу жасалды. Орда балалар кітапханасы «Тәуелсіздік – елімнің шамшырағы» атты 4 бөлімді кітап көрмесін, «Тәуелсіздік – тұғырым» тақырыбында балалармен ертеңгілік өткізді. Бисен ауылдық кітапханасы «Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік» атты кітап көрмесіне шолу, жас ақындардың қаламынан туындаған өлеңдерінен жыр сайысын ұйымдастырды. Тайғара, Жамбыл, Сейітқали елді мекендеріндегі кітапханаларда «Тәуелсіздік шежіресі» атты әңгіме, Бөрлі, Саралжын, Ұялы кітапханаларында «Тәуелсіздік толғауынан туған туындылар» атты байқау оздырылды. М-С.Бабажанов атындағы орта мектептің 4 сынып оқушыларымен аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі А.Батырханова «Тәуелсіздік тарихы – бізге аманат» атты ертеңгілік  өткізді.

Қалың оқырман кітапханаларды ақыл-білім, адамгершілік, парасат, қысқасы, иман ордасы, ал, кітапханашыларды ешқашан жоғалмауға тиісті асыл құндылықтарды сақтаушылар деп санайды. Біз де биіктен көрінуге күш сала қызмет ете бермекпіз.

Дәржан САДЫҚОВА,

аудандық орталықтандырылған

кітапханалар жүйесінің директоры.