12.07.2016, 11:23
Қараулар: 411
Жүрегі нұрдан жаралған

Жүрегі нұрдан жаралған

Ұстаз – ұлы есім. Оның шәкіртін ізгілікке бастайтын, санасына сәуле түсіретін мамандық екеніне дау жоқ. «Жақсылық еккен адам алғыс орады» дейді халық даналығы. Керемет айтылған. Осынау өнегелі ісімен ардақтылар сапынан көрінетіндердің еңбегі қашанда сый-құрметке сұранып тұратындай. Жоғары адами қасиеті мен  білім-біліктілігі арқылы оқушылар жүрегіне ұя салған зейнеткер-ұстаз Рауза Әділәлиева жайлы ой-толғау қашан да мәнді.  Кезінде көрікті арудың бірі болғанын жанарындағы әлі жарқылы азаймаған нұрдан байқау қиын емес. Ақтарылып кетсе, білмейтіні жоқ. Балалық базары сұрапыл соғыспен тұспа-тұс келген. Әкесі Төрәлі Әділәлиев Сталинград қаласының шешуші ұрысында қаза тауып, туған жерінен топырақ бұйырмаған боздақтардың бірі.

–   Біздер қанды қасапқа тікелей араласпасақ та,  аналарымыздың түнде көз шырымын алмай, жылап отырып майдангерлерге қолғап, шұлық тоқығанын көріп өстік. Торғай шырылынан оянып, масақ теріп, шөп маялардың үстіне шығып, балалық  шағымызды  үлкендермен  бірге  қиналып жүріп өткердік,- дейді ол. – Отан соғысының дүмпуін көрген Қазақстан бойынша тек Бөкей Ордасы мен Жәнібек аудандары ғана ғой. Сол кезде боталаған түйелерді жайып жүргенде немістер бомбалаушы ұшақпен төбемізге төне оқ жаудыратын-ды. Боталарымыздың кейбірі оққа ұшып, қалғанын  ағаш арасына қарай қуатынбыз. Жан-жағымыздан ысқырып, құмға сіңіп жатқан оқтан жасқануды да білмейтін ек. Балалық-ай десейші!

Осындай өмір өткелдері кейіпкерімізге қиындыққа қасқая қарсы тұра білетін қайсар мінез қалыптастырғанын байқаймыз. Туралықты, шындықты сүйетін болмысы елдік мәселеге келгенде бей-жайлық таныттырмайды. Сол жанайқайын ақ қағазға түсірген оның өткір мақалалары аудандық, облыстық басылымдарда талай жарияланды да.

Енді кейіпкеріміздің ұстаздық өмір жолына ойыссақ, М.Горький (қазіргі Жәңгір хан) атындағы  орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болған Рауза Төрәліқызы (ауылдағылар Роза деп атап кеткен) 1941 жылы бұрынғы Орда ауданының № 67 жылқы зауытында  мал дәрігерінің отбасында дүние есігін ашқан. Анасы жарықтық Бақыт Әділәлиева жары майданға аттанған соң, отағасының орнын басып, мал маманы болады. 1952 жылы жеріміз әскери сынақ аймағына берілуіне байланысты Жәнібек ауданының «Талов» кеңшарына қоныс аударып, 30 жыл абыройлы қызметімен көрініп, 1970 жылы зейнеткерлікке шығады. Анасының қажырлылығы кейіпкерімізге де жұғысты болған. Тағдыр сынағы да оның сағын сындыра алмапты. Жақсылықты да бір кісідей көрген. Солардың ішінде  шәкірттерінің орны қашанда биік. Әрқайсысымен хабарласып, жақсылықтарына ортақтасып отырады.

1952-1956 жылдары Талов орта мектебінде оқып, кейін Орал қаласындағы жартылай жетім балаларға арналған (әкелері Ұлы Отан соғысында қаза болғандарға) №11 қазақ орта мектеп-пансионында (қазіргі С.Сейфуллин атындағы дарынды балаларға арналған гимназия) оқып, қолына кәмелеттік аттестат алған. Бойында жалыны бар албырт қыз әдебиетке ынтасы ауып, А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының филология факультетіне түсіп, оны 1966 жылы бітіреді. Еңбек жолын Жәнібек ауданындағы «Свердлов» кеңшарындағы орта мектепте бастаған. 1972 жылы Орда ауданы қайта құрылғанда туған жеріне оралып, Орда ауылындағы М.Горький атындағы орта мектепте 1991 жылға дейін қызмет етеді. Өз пәнін сүйетін білікті ұстазды ауылдастары да қадір тұтады. Үзеңгілес құрбысы әрі бірге қызмет еткен Жұмағаным Жасетқызы оның методикалық шеберлігі жоғары болғанын, әр сабағын өте шебер өткізетіндігін айтады. Ол кезде, әрине, компьютер деген атымен жоқ. Ізденіп көрнекі құралдар дайындайтынын, сөйлем талдау кезіндегі  талапшылдығын шәкірттері де жақсы біледі. Қазақтың заңғар жазушы-ақындарының шығармаларын оқытып, әдебиетті сүюге баулитын.

Рауза Төрәліқызы бар ғұмырын ұстаздыққа арнап қана қоймай, рухы биік саналы ұрпақ тәрбиелеуді мақсат етті. Оның алдын көрген шәкірттердің бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде әр салада, лауазымды қызметте жүргендері аз емес. Солардың бірегейі – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі аппаратының қызметкері, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі, «Шабыт» халықаралық байқауының  лауреаты Айбатыр Сейтақ.  Ұстазымен хабарын үзбей, ілтипатпен сыйласып отыратын осы шәкірті балалық аралында өз өрнегі қалған Рауза апайдың сабақтарын қоғамдық мәселермен байланыстыра өткізетінін, білімге құштарлықты арттыру үшін әр алуан методикалық әдіс-тәсілдер қолданатындығын күні бүгінге дейін сүйсіне әңгімелейді.

Айта кетелік, ұлағатты ұстаз Р.Әділәлиева Қазақстан Республикасы оқу-ағарту ісінің үздігі атанып, бірнеше медальдармен марапатталған. Денсаулығының сыр беруіне қарамастан, кітап парақтаудан әлі жалыққан емес. Айналасы толы газет-журналдар. Өз бөлмесіндегі шкафта әр түрлі тақырыптағы папкалар жинақталған. Мұрты бұзылмаған күйіндегі  баяндамалары, мақалалары, өлең жинақтары мен суреттерден  ұқыпты қолтаңбаның табы аңғарылады.

– Мен   оқу жылы басталарда  методикалық кітаптар мен көрнекіліктерді бөліп,   үстелімнің жанындағы шкафқа жинап қоямын да, сабаққа әзірлену барысында оларды ретімен пайдаланатынмын,-дейді ол әңгіме арасында өткен күндерге ой жіберіп. –Ордаға келіп қызмет еткен уақыт ішінде, шәкірттерім арасынан республикаға танымал екі ақын шықты. Олар ағайынды Ғайсағали, Айбатыр Сейтақ.

Әр баланың бойындағы ұшқынды маздату бағытында жұмыстанып,   әрқайсысының қабілет-қарымдарын ашуда төккен тері де өлшеусіз. Ұстазының жолын қуып, танымал болғандардың арасында «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» Кәкима Қажипанова да бар. Ол Р.Әділәлиеваның  сабақты бар зейінін сала түсіндіретінін, әдебиетті сүюге, шығарма, өлең жазуға, әр түрлі шараларға белсене қатысуға жұмылдырып, қатаң талап қоятынын айтып,  өзі де шығарма жазудың қыр-сырын,  еңбектің ірі-ұсағы болмайтынын, кішкентай нәрсенің өзіне үлкен мән беріп, оқушылармен жұмыс жасауға  күш салуды сол кісіден үйренгенін жасырмайды.

Кезінде Рауза апа ауылдағы көркемөнерпаздар үйірмесінің белді мүшесі де болған. Жиын-тойларда қолына қара домбырасын алып, күмбірлеген күйді төгілте жөнелтетіні ордалықтардың есінде. Туған жерін шынайы сүйетіндіктен де болар, әсіресе, Махамбет Өтемісұлы жайында көбірек әңгімелеп, оның отты жырларын үлкен сүйіспеншілікпен оқитын-ды. Сол арқылы ол жастардың бойына патриоттық рух ұялатуға тырысатын.

Иә, жүрегі нәзік, ақынжанды Рауза апай бала жанының нағыз бағыбаны. Бүгінде ұл-келіні Жасұлан-Ирамен бірге немерелері Руслан, Оксаналардың қуаныштарына ортақтасып, бақытты тірлік кешуде. Орал қаласында тұратын қызы Гүлнаш, күйеу баласы Сәтжан да өз ісінің білгір мамандары. Олардан Айдана, Фатима есімді жиендері өсіп келеді. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» дейді ғой, халық даналығы. Сөзге шешен ардагер-ұстаз Рауза Төрәліқызы биыл мерейлі 75 жасқа толды. Айтары бар қадірлі жанға мықты денсаулық, отбасына амандық тілеп, мақаламызды Айбатыр Сейтақтың «Тағылым» атты мына бір өлеңімен аяқтауды жөн көрдік.

Жақтырмайтын кекесін мен мысқылды,

Аз тартпаған ащы менен қышқылды.

Ұстазым бар көре білген жүрекпен,

Шәкірттердің көзіндегі ұшқынды.

«Өнер нәрін алсаң егер халықтан,

Көкірегің нұрланады жарықтан»,-

Деп халықтың рухани байлығын,

Жас ұрпақтың өн бойына дарытқан.

«Жарық болсын жүректерге жаққаның,

Асыл болсын өмір жолдан тапқаның.

Әдебиет – түбі терең теңіз»-, деп,

Ұғындырды мол қазына жатқанын.

Әр істің де айтқан еді әділін,

Ұстазымның сөз бен ісі – тағылым.

Шәкірттердің санасына сіңірді,

Ана тілдің құдіреті мен қадірін.

Күннің нұры көкейіне құйған ән,

Өн бойына ұлт-дәстүрін жинаған.

Сіздей ұстаз бар ма екен шәкіртке,

Асыл ана махаббатын сыйлаған?!

Гүлзада ӘБІЛҚАЙЫРОВА,

Бөкей ордасы тарихи-мұражай

 кешенінің бөлім меңгерушісі.