5.10.2016, 15:11
Қараулар: 494
Туған жерін жырлауға туған ақын

Туған жерін жырлауға туған ақын

  Бисен ауылында қазақ деген тегі мықты, тарихы бай, тағдыры күрделі, қабілетті, қаһарман, қайсар халықтың ұлттық нәрін бойына сіңіріп, шуақты жыры, назды сазымен Нарын өңірін әнге қосып жүрген суырып салма ақын, сазгер, биік дауысты әнші Кенжеғали Балабасовтың 75 жасқа толуына арналған «Туған ақын Жиекқұм жиегінде, Кенжағаң 75-тің биігінде» атты дүбірлі кеш өтті.

 

Мерейтой иесімен кешке келген қонақтарды ақ жаулықты әжелер бауырсағы мен ағын ұсынып, қарсы алды. Сазгерін сағынған ауылдастары мәдениет үйіне сыймай кетті.

Тау биіктігімен, теңіз тереңдігімен, дала маңғаздығымен көрікті десек, ақын адам жанына жақын жырларымен келбетті. Өнер адамын биікке көтеретін, талантын жанитын шабыт айдыны – туған жері, киелі топырағы, халқы екені тағы бір мәрте дәлелденді. Мәдениет үйі фойесінде Бөкей ордасы тарихи мұражай қызметкерлері Айнаш Бисекенова мен Гүлжанат Ғилыманова әзірлеген «Жүрегі жырдан жаралған ақын» атты фотокөрме, ауылдық кітапхана меңгерушісі Лунара Сембиева дайындаған «Жырлаймын туған елімді» атты көрме көрермендерге тың мәліметтер ұсынды. Сахнаның төрінде ілініп тұрған Кенжеғали ағаның портреті де салтанаттың сәнін келтірді.

Кенжеғали Балабасұлы 1941 жылы 5 шілдеде Орда ауданының Жетібай ауылдық кеңесінде дүниеге келген. Жасынан өнерге құштар жан мектеп қабырғасында жүргенде-ақ, әншілігімен көзге түсе бастады. Өлең шығарып, жас күнінен ақын атанды. 1967 жылы Бүкілодақтық фестивальдің лауреаты, республикалық дәстүрлі әншілер фестивалінің дипломанты, 1977 жылы Мәскеуде өткен ауылшаруашылық көрмесінде Қазақстан өнерпаздарының он күндігінде күміс медальмен марапатталған. Алматыда «Тамаша» ойын-сауық отауында өнер көрсетсе, 1991 жылы Мұхиттың 150 жылдығына арналып түсірілген «Айнамкөз» кинофильмінде молданың рөлін сомдады. Кенжеғали ағаның өткен өмірі мен өнер жолындағы фотосуреттері, кинофильмдерден үзінділер слайд арқылы көрермен назарына ұсынылды. Мерейтойға ат арылтып Орал қаласынан айтыскер ақын, дәстүрлі әнші, термеші, жыршы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Қатимолла Бердіғалиев, танымал  күйші, ҚР еңбек сіңірген мәдениет  қайраткері, жерлесіміз Ермек Қазиев, өнер жанашыры, зейнеткер-ұстаз, қазір қалада тұратын ауылдасымыз Шайхолла Елемесов, аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әлібек Айтқалиев арнайы келді. Аудандардың барлық округтерінен ағаны құрмет тұтқан, өнерін бағалайтын ел ағалары, ізбасар інілері, жұмыстастары, араласып-құраласқан достары, тума-туысқандары жиналды.

Сахна төріне шақырылған Кенжақаңа көрермендер орындарынан тұрып қол соғып, қошемет көрсетті. Ақын, орта мектептің мұғалімі Елубай Насыров кеш шырайын келтіре, жыр жолдарымен өрнектеп, ақынның шабытына шабыт қосып, көрерменді жалықтырмай жүргізе білді. Ауыл әкімі Қайырсапа Саматов құттықтау сөз сөйлеп, келген қонақтарға қош келдің айтқан соң, сахнаға аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева көтеріліп, ағаның иығына шапан жауып, аудан әкімі Нұрлан Рахымжановтың құттықтау хатын оқыды. Өміріне де, өнеріне де серік болып келе жатқан қазақтың қара домбырасын сыйға тартты. Өзі ғұмыр кешіп жатқан, туған жері Жиекқұм ауылынан үй беріліп, кілті табыс етілді. Ақынның «Жүріп келем» атты өлеңдер жинағы 2001 жылы, «Көңіл сазы» атты әндер жинағы 2002 жылы, кейін «Өткен күндер белгісі» атты 3 бөлімді кітапшасы жарық көрсе, биыл аудан басшысының тікелей қолдауымен олар жинақталып «Жүріп келем» деген атаумен кітап болып басылды. Осы кеште жаңа кітаптың тұсауын мерейтой иесі Кенжақаң мен Лариса Тельманқызы кесті. Кітаптар келген қонақтарға таратылып, әжелер шашу шашты. Көркемсөз оқу шеберлері, мектеп оқушылары ақын өлеңдерін оқыды. Айтыскер ақын, мәдениет қызметкері Жоламан Сейсенғалиев өз арнауын домбырамен төгілтті.

Халқымыз «талаптыға нұр жауар» демей ме, талмай ізденіп, шын беріліп, өнерге деген құлшыныс нәтижесі болар, Кенжақаңның үшінші қыры – сазгерлік. Өзін қоршаған айналасына ақын жүрегімен, махаббатымен қараған ол ән бесігінде тербеліп, сарқылмас шабыт ала білді. Лирикалық жанрдағы шығармаларының тақырыбы – туған жер, адамның көңіл-күйі, толғанысы. Сондықтан да сахнада үлкен тебіреніспен орындалады. «Әкеге сағыныш» әнін өнер жолын қуған қызы, мәдениет қызметкері Ажар Балабасова шырқаса, «Ауылға көктем келгенде» әнін Әлібек Наурызов төгілтті. Қатысқан қонақтардың әдемі тілектері, әсерлі естеліктері кеш көрігін қыздыра түсті. Ауылдың үлкені Хисмет ата Мөкешев бата беріп, ауданымызға белгілі әнші Құрмет Мусин ақынның «Орда Нарым елім-ай» әнін әуелетті. Шығармашылық кеш өз мәресіне жетті.

«Данияр» тойханасында мерейтой иесіне арналып жайылған дастарханда ауыл ақсақалдары, қадірменді қонақтар, ел ағалары, жұмыстастары бас қосты. Ауыл ақсақалдары Кенжақаңның қайраттылығын, бірбеткейлігін, жайлы мінезін сөз етсе, жұмыстастары еңбек сүйгіштігін, өнерге деген адалдығын тілге тиек етті. Бақыт Насырова домбыраны қолыма алғаш ұстатқан ұстазым деп құрмет тұтса, зейнеткер-ұстаз  Рысты Имашева білікті әріптес деп баға берді. Кенжеғали аға туралы басқа да тамаша естеліктер айтылып, әндер шырқалды. Келген қонақтар әсем әндерді тамылжыта орындап, күмбірлете күй тартты. Ақын ағаның өзі де шабыттанған шығар, «Теріскейді» төгілтті. «Сапты аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» дегендей, 75-тің төрінде отырса да, шабыты қайта қоймағанын аңғартты.

Әннің сөзін де, әуенін де өзі жазып, халық алдында асқан шеберлікпен орындау кез-келген адамның маңдайына бұйырмаған бақыт. «Сегіз қырлы, бір сырлы» Кенжеақаң осындай бақыт иесі. Ел сыйлаған ақынның шығармашылығы кейінгі ұрпаққа насихаттала бермек. Осынау мерейлі кешті өткізуге атсалысқан аудандық демалыс орталығының директоры Миллат Насыровқа, аудандық мәдениет үйінің қызметкерлеріне зор алғысымызды білдіреміз.

Екатерина МӨКЕШЕВА,

Бисен ауылдық мәдениет

үйінің директоры.

 Суреттерде: 1) Ақын, әнші Кенжеғали Балабасов;

2) Белгілі айтыскер  һәм жыршы Қатимолла Бердіғалиев;

3) Той қонақтарымен бірге.