8.12.2016, 18:00
Қараулар: 775
Басын бәйгеге тіккен саяси тұлға Сейітқали Меңдешев

Басын бәйгеге тіккен саяси тұлға Сейітқали Меңдешев

Небары 57 жыл ғана өмір сүрген көрнекті мемлекет қайраткері Сейітқали Меңдешевтің отыз бес жылы патшалық заманда өтсе, жиырма екі жылы кеңестік кезеңді қамтыды. Таптық тұрғыдан алғанда, ол – тарихи екі кезең, екі түрлі қоғамдық саяси-экономикалық формация. Өкініштісі сол, өз ісіне берік, идеяға адал, бойына біткен бар талантын, күш-жігерін әділет жолына арнаған, бар ғұмырын туған халқының бостандығы, еркіндігі жолында сарп еткен үлкен әріпті азамат екі қоғамда да қудалауға ұшырап, жапа шекті. Патша үкіметі оны абақтыға жапса, Кеңес үкіметі өмірін қиып тынды. «Жазмыштан озмыш жоқ» деген осы емес пе?!

Ірі саяси тұлға Сейітқали Меңдешев Ішкі орданың Жаңақазан елді мекенінде балықшының отбасында дүниеге келген. «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген қағидаға сүйенген әкесі баласын қалайда оқытуға бар күшін салып, тапқан таянғанын соның жолына жұмсайды. Туған ауылында бастауыш білім алған Сейітқали оқуын Ордадағы екі кластық қалалық училищеде жалғастырып, кейін Қазан қаласындағы мұғалімдер семинариясына түседі. Оның қоғамдық қатынастағы саяси қөзқарасы осы семинария қабырғасында қалыптасты деуге толық негіз бар. Себебі, ХХ ғасырдың басы патшалық Ресейде тап тартысының шиеленіскен кезі-тін. Ресейдің қай қаласында да жұмысшылар мен студенттердің толқулары жиі көрініс тауып жатты. Одан Қазан қаласындағы зауыт, фабрика жұмысшылары мен оқу орындарының студенттері де сырт қалмады. Шынтуайтына келгенде, бұл кезең 1905-1907 жылдардағы І орыс революциясы дауылының қарсаңы болатын. 1903 жылы С.Меңдешев өзі оқыған Орда мектебіне оралып, ұстаздық жолын бастайды. Сол жылдары І орыс революциясына қатысқан саяси айдаудағылардың үлкен бір тобы Ордада тұрған. Мұғалім Меңдешев олармен жасырын байланыс ұстаған. Революциялық идеяның жастар арасында тарап кету қаупі жергілікті Уақытша Кеңес әкімшілігі мен Ордадағы полиция учаскесіне үлкен әбігершілік туғызды. Сондықтан саяси айдаудағыларды басқа жаққа алып кетуге, ал, Сейітқали Меңдешевті Жаңақала мектебіне ауыстыруға мәжбүр болады. Сейітқалидың бұл іс-әрекеті оның саяси күрес жолына түскенінен хабар береді. Сол жылдары Ордада мұғалімдердің жасырын кәсіподақ ұйымын құрған ол 1911 жылы алғаш Ордада басылып шыққан «Қазақстан» газетін ұйымдастырушылардың бірі тұғын. Ұлтымыздың тарихи төл атын өзіне бұйыртпай әдейі бұрмалап, «қырғыз-қайсақ» деп кемсітіп жүрген кезде газеттің «Қазақстан» аталуы саяси көрегендік еді.

Көрнекті қайраткер 1913 жылы Петербургте өткен бүкілресейлік мұғалімдер съезіне Бөкей ордасынан делегат болып қатысып, өңірдегі халық ағарту ісінің жәй-күйі жөнінде баяндама да жасайды. Онда қазақ балаларының оқуға, білім алуға ынтасы зор екенін, тек оны толық жүзеге асыруға өлкедегі білім ошақтарының аздығы, ата-аналардың материалдық жағдайларының нашарлығы қолбайлау болып отырғанын мәлімдейді. Ал, 1914 жылы басталған І дүниежүзілік соғыс еңбекші бұқара тарапынан патша үкіметінің таптық езгі мен отарлау саясатына қарсылық акциясын күшейте түсті. Соғыс салдарынан сиреп қалған жұмыс қолын толықтыру мақсатында орыс патшасының 1916 жылы 19 бен 43 жас аралығындағы қазақ, өзбек, тәжік, қырғыз, түрікмен, ұйғыр, дүнгендерді майданның қара жұмысына шақыру жөніндегі жарлығы халықтардың ашу-ызасын туғызып, олардың қарсылық әрекеттерін қауға тиген өрттей өршітті. Халық көтерілісі барлық жерде дерлік өріс алды. Жарлыққа үстем тап өкілдері мен еңбекші тап екі түрлі көзқараста болып, екі түрлі бағыт ұстады. Бай, болыстар оны екі етпей орындауға тырысса, С.Меңдешев бастаған қалың бұқара жарлықты жүзеге асырмауға күш жұмсады. 1916 жылы шілде айында Астрахан әскери губернаторының орынбасары Курилов жарлықтың орындалу барысын тексеру мақсатында Бөкей Ордасын аралап, жер-жерде жиналыстар өткізеді. Осындай жиналыс Қамыс-Самар қисымында да оздырылады. Оған қатысқан С.Меңдешев орыс патшасының қазақ жігіттерін бір ғасыр бойы әскери қызметке алмау жөнінде берген уәдесі бар екенін Куриловтың есіне салады.

– Егер әскер қатарына алатын болса, онда қазақ жігіттерін әуелі оқытып, көзін ашу керек,-дейді ол. Оның бұл сөзін ұнатпаған патша чиновнигі ашу шақырып:

– Өшір үніңді! Сенен ешкім ақыл сұраған жоқ. Мына айтып тұрғаның патша ағзамға қарсы сөздер, ол үшін ұлы императордың алдында жауап бересің,- деп жекіреді. Әрине, патша чиновнигімен сөзге келіп, онымен жүз шайысудың арты жақсылыққа апармайтынын Сейітқали сезеді. Бірақ, өз көзқарасының дұрыс екенін білген ол алған бағытынан қайтпай, жігіттерді майданның қара жұмысына жібермеу жөніндегі үгіт-насихат жұмысын жалғастыра берді. Кешікпей патша әкімшілігі С.Меңдешевті үш ай мерзімге Астрахан абақтысына жабуға қаулы алады (көшірмесі Орда мұражайында-А.Х.). Сейтақаң түрмеден босағасын да азаттық жолдағы күрестен айныған жоқ.

Кеңес өкіметі тұсында С.Меңдешевтің қайраткерлік қабілеті алмастай жарқырап, әр қырынан танылады. Бүгінгі Хан Ордасы ауылында 1916-1920 жылдары ол тұрған үй сақталған. Сонда 1917 жылы желтоқсан айының екісіне қараған түнде астрахандық большевиктердің қатысымен жасырын жиналыс өтіп, ертеңіне Ордада Кеңес өкіметі орнағаны жарияланады. 1918-1920 жылдары аралығында Орынборда Қазақ АССР-ы құрылғанға дейін С.Меңдешев Бөкей облысының халық ағарту комиссары, облыстық атқару комитетінің мүшесі, кейін оның төрағасы лауазымдық қызметтерімен қоса, Ордада 1918 жылы баспахана ашылып, газеттер шығуына айтарлықтай атсалысты, редакцияның аударма бөлімін басқарды. 1919 жылдың жазында ол Қырғыз (Қазақ) автономиялы республикасын құру жөніндегі комиссия мүшесі мандатына ие болды. 1920 жылы 4-12 қазанда Орынборда өткен Қазақ автономиялық республикасын құру жөніндегі құрылтай съезі С.Меңдешевті Қазақ АССР-ы Орталық Атқару Комитетінің төрағалығына сайлап, қазақ елін басқаруға мандат берді. «Бас болу оңай, басқару қиын» дегендей, ол үлкен кемеңгерлікті қажет ететін ел басқару сияқты аса жауапты қызметті абыроймен атқарды. Академик жазушы Сәбит Мұқанов Сейтақаңның ол жылдағы еңбегін: «Соғыс коммунизмі» аталған ауыр жылдарда бес жыл бойы Қазақ Орталық Атқару Комитетінің төрағасы болған ол республиканы қиындықтардан алып шығуға, оның экономикасын, мәдениетін көтеруге көп еңбек сіңірді» деп бағалады. С.Меңдешевтің азаматтық адами бейнесі 1921-1922 жылдары елді жайлаған аштықтың ауыр зардабымен күрес кезінде айқын көрінді. Қазақстандағы аштықпен күрес жөніндегі мемлекеттік төтенше комиссияны басқарған шақта жағдайды сауықтыру үшін күн-түн демей, аянбастан жұмыс істеді. Мұндай жанкешті әрекет етуді қарамағындағы қызметкерлерден де талап етті. Елден жиналған және шетелден келген азық-түлікті әділ бөлгізіп, көмектің нағыз ашыққандардың қолына тиюін қамтамасыз етеді. Қазатком төрағасы С.Меңдешевтің Орынбордағы үйінің есігі де жарлы-жақыбайларға әрдайым ашық болған. Зайыбы Рәзия отағасына сай кең пейілді, қолы ашық, мейірім-шапағаты мол кісі екен. Оның ұйымдастыруымен және тікелей қатысымен ақылы қайырымдылық концерт, пьеса сияқты түрлі сахналық қойылымдар қойылып, одан түскен қаржы аш-жалаңаштар мен жетім балалар үйінің пайдасына жаратылған. Академик, тарих ғылымдарының докторы Қажым Жұмалиев С.Меңдешевті «Адамдарды шексіз сүйетін қайырымды, үлкен жүректі жан» дейді. Десе дегендей. Ол балалар үйінен Гүлсім атты жетім қызды асырап, тегін атына жаздыртып, есейген соң тойын жасап, өз қолынан ұзатады. 1926-1930 жылдары аралығында РСФСР экономикалық кеңесінің мүшесі болып бес жыл Мәскеуде қызмет еткен кезінде республика экономикасының дамуына елеулі үлес қосты. 1930 жылы қайта оралып, өмірінің соңына дейін еліміздің оқу-ағарту халық комиссары және халық комиссарлары кеңесінің ғылым жөніндегі төрағасы сияқты жоғары лауазымды қызметінде халық ағарту ісінің, оқу-білімнің өркендеуіне айрықша еңбек сіңірді.

1925-1926 жылдары С.Меңдешев Бүкілодақтық атқару комитетінің ұлт республикаларында жер пайдалану мәселесін шешу жөніндегі комиссияның мүшесі және бүкілодақтық Конституциялық комиссияның мүшесі ретінде Орта Азия мен Қазақстан халықтарының ұлттық мемлекеттік жігін айыру мәселесін шешу, Чувашия Советтерінің кезекті сайлауын өткізу тәрізді аса жауапты мемлекеттік тапсырмаларды орындаған. Осылайша ол қазақ жерінің жоқтаушысы әрі жинақтаушысы болды. Олай дейтініміз, 1920-1926 жылдары Қазаткомның төрағасы кезінде бір пұшпағы Ресей жеріне еніп кеткен Семей және Солтүстік Қазақстан жерлерін кері қайтарып алды. 1932 жылға дейін Қарақалпақстан да Қазақ елінің құрамдас бөлігі болғаны белгілі. Сөйткен Сейітқалиды кезінде Мәскеу саясатының сойылын соққан кеңестік тарихшылар оның жер мәселесі жөніндегі саясатын теріске шығарып, партконференцияларда, баспасөзде сынға алды. Осы тұрғыда Қазақ Совет энциклопедиясының 7 томындағы С.Меңдешевке арналған тұста: «1920-1926 жылдары өзінің жұмысында жерге орналастыру мәселесінде кейбір кемшіліктер жіберді. Сол үшін партия конференцияларында, баспасөзде сынға алынды. Меңдешев БК(б)п Қазақстан өлкелік комитетінің сынын мойындап, дұрыс түсінді» дейді. Мойындады ма, әлде, мойындатты ма? Екеуі екі басқа түсінік. Өйткені,   отызыншы жылдардағы зұлмат заман халқымыздың ірі мемлекет, мәдениет, өнер қайраткерлері өкілдерін қойша тоғытқаны көпке мәлім. Соның бірі – Сейітқали Меңдешев.

1979 жылы мәдениет қызметкерлерінің республикалық мамандық жетілдіру институтында музей қызметкерлерімен бірге бір айлық курста болғаным бар. Уақыт жетеді. Республика партархивіне барып, С.Меңдешевтің жеке ісімен таныстым. Құпиялық әлі күшінде. Жазып алуға рұқсат жоқ, оқуға ғана болады. Содан есімде қалғаны С.Меңдешевтің Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Л.Мирзоянға жазған шағым-арызы. Аяулы азамат онда ес біліп, еңбек еткелі ешкімге қиянат жасамағанын, Кеңес өкіметіне жан-тәнімен беріле адал қызмет еткенін, тағылып отырған кінәнің ешқандай қисыны жоқ, қалайда жазалау үшін ойдан құрастырылған жала екенін айта келіп, одан басын арашалауға көмек сұрапты. Мирзоянның арызды алған-алмағаны, жауап берген-бермегені біз үшін беймәлім, өйткені, ол жөнінде дерек жоқ. Қалай болғанда да үкіметтің құрығы Меңдешевті құтқармады. Кейін ол құрық Мирзоянның да мойнына түсті.

Зұлмат заманның тағы бір ерекшелігі – қара тізімге іліккен кісінің тек жеке басын емес, оның отбасын қудалап, тоз-тоз етіп жібергені тарихтан белгілі. Сейітқалидың отбасы да одан аман қалмады. Әйелі Рәзия әуелі Алматы маңындағы Шамалғандағы лагерьге, кейін Қарлагқа, одан Алжирге айдалса, балалары детдомға тапсырылған. Ұлы Ғұбайдолла Ұлы Отан соғысында қаза тапса, қызы Тамара аман қалып, тұрмыс құрады.

Реті келгенде айта кетелік, 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі әлі күнге әр қазақтың жүрегін сыздатады. Қазақта «күйеу қайын жұрттың төсегіне тартады» деген сөз бар. Осы тұрғыда С.Меңдешевтің күйеу баласы (Тамараның қызы Софияны алған) «Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген» деп жырлаған атақты майдангер ақын Жұбан Молдағалиев желтоқсанда жазаға тартылған жастарды көріп, қапаланып, қанды қол Колбинге қасқая қарап: «Мұндай сорақылықты көргенше, соғыста өлгенім артық еді ғой» демеп пе еді?! Қазір заман да, саясат та өзгерді. Олай болса, Тәуелсіздігіміздің торқалы тойы қарсаңында бұл күнге оңайлықпен жетпегенімізді қайыра еске алып, еліне адал қызмет еткен Сейітқали сияқты наркескендердің есімін ел есінде қайта жаңғыртқанымыз артық болмас, сірә!

Амантай ХАМЗИН,

тарихшы-өлкетанушы.