Еңбек – адамның өмір сүруінің бірден-бір кепілі, бар байлықтың бастауы. Оқтаста кеңестік кезеңде өмір кешкен аға ұрпақ өкілімен (ақсақалдармен) қандай да бір еңбек озаты туралы әңгіме туындай қалса, «Иә, бәріміз де еңбек еттік» деп, қызғаныш деген қызыл иттің басын қылқитып қоятыны жасырын емес. Шынында да, ол кезде бос жүрген кісіні көрмейтінсің, бәрі де еңбек еткені рас. Десек те, екінің бірі ел көзіне түсіп, атақ-абыройға бөленгені ана бір көп те емес, санаулы болған ғой. Өткен ғасырдың 30-50 жылдары аралығында ұжымшар, 50-70 жылдары аралығында кеңшарда бөлімше басқарған Ермекқали Ниязғалиев сол санаулылардың бірі болатын. Осыдан жиырма жыл бұрын бақилық болған сол соғыс және еңбек ардагерінің еңбек жолын өз аузынан есітудің сәті түспеді (ол уақытта басқа қызметке едік). Сол себепті ол туралы төмендегі мақала одан көп кіші болса да, кезінде жұмыстас болған марқұм Қадес Қарағойшин, қазіргі күні арамызда жүрген Мағауия Есмағұлов сияқты қариялар мен қыздары Уақия және Венераның естеліктері негізінде жазылып отыр.
1911 жылы Орда ауданының Ноғайбай ауылдық кеңесінде өмірге келген Ниязғалиев Ермекқали еңбекке ерте араласыпты. Соғысқа дейін-ақ ауданның Талап ауылдық кеңесіне қарасты «Ортақшыл», «Екпін» ұжымшарларын басқарады. Ал, ел басына күн туған сын сағатта Отан қорғаушылар қатарынан көрінеді. Сталинград шайқасынан басталған оның жорық жолы 236-шы атқыштар дивизиясы, 813-ші атқыштар полкінің құрамында Закавказье жерінде жалғасады. Кейін Ростов, Таганрог, Майкоп жерлерін жаудан тазартуға қатысады. 125-ші әскери бөлімнің командирі, полковник Силагадше мен саяси бөлім бастығы, подполковник Урушадзелердің оған Бас Қолбасшы Сталиннің Алғыс хатын табыстауы оның майдан даласындағы ерлік қимылдарының куәсі іспетті. 1943 жылдың қазан айында ауыр жараланған Е.Ниязғалиев елге қайтарылады. Келгесін кешегі майдангер бейбіт еңбекке білек сыбана кірісіп, Теректі ауылдық кеңесіне қарасты «Интернационал» ұжымшарын басқарады. 1952 жылы Капустин Яр әскери полигонының кесірінен Орда ауданы таратылғанда, Е.Ниязғалиев колхозшыларымен бірге Оңтүстік Қазақстан облысынан бір-ақ шығады. Ол мұнда да Эрнст Тельман атындағы ұжымшарды басқарады. «Бал ұстаған бармағын жалайды» деген шаруашылық басшысының тұрмыс жағдайы жаман болмайтыны белгілі. Алайда, «өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» қағидасына сүйенген Ерақаң араға екі жыл салып, елге оралады. «Ол жақтың климаты мен тұрмыс жағдайына үйрене алмаған жерлестерінің көрген қиыншылығын, соның салдарынан жас балалар мен үлкендер жағы көптеп шетінегенін марқұм әкем мұңайып еске алып отырушы еді» дейді қызы Венера. Еңбек ардагері Мағауия ағамыздың айтуынша, Е.Ниязғалиев оңтүстіктен келгесін Сталин атындағы ұжымшарда жылқы фермасының меңгерушісі әрі ондағы партия ұйымының хатшысы болып, кейін осы ұжымшарды басқарыпты. 1957 жылдың 15 ақпанында «Орда», «Сайқын» кеңшарлары құрылғанға дейін ол Бисенде Киров атындағы, Сайқында Ворошилов атындағы ұжымшарлардың тізгінін ұстайды. 1972 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейінгі қырық жылдық еңбек өтілінің 25 жылында ұжымшарды басқарса, соңғы 15 жылында «Орда», М.Мәметова атындағы кеңшарларда бөлімше меңгерушісі қызметтерін атқарған. «Ноғайбай, Теректі ауылдық кеңесі жеріндегі ұжымшарларды басқарғанда оның қарамағында Қадес Қарағойшин, Жәрдем Байтелеуов, Қалемғали Иманқұлов, Айтжан Құттығалиев, т.б. істегенін білемін»,- дейді М.Есмағұлов. Онымен жұмыстас болған есімдері жоғарыда аталған еңбек ардагерлері Ермекқалидың еңбекқорлығын, сөзіне берік, жұмысына жауапты қарайтынын, ұйымдастыру қабілеті жоғары, мінезі сабырлы, халықпен тіл табысып жұмыс істегенін, сондықтан сыйлы болғанын, бір сөзбен айтқанда, ол ауылдың арқа тұтар азаматтарының бірі саналғанын естеріне алады.
Балаларының тұңғышы Уақия Ермекқалиқызының сөзіне қарағанда, бір кездері оны Еңбек Ері атағына ұсынбақшы болғанда колхозынан 20 шақты жылқы боранда ығып кетіп, соның кесірі тиген көрінеді. Осы тұрғыда ол бір сөзінде: «К.Меңдалиев өте қатал, тік адам болатын. Колхозынан жылқылар ығып кеткенде менің әкемді жиналысқа салып, қатты-қатты сөздер айтқан. Сол кезде әкем: «Жолдас хатшы, сіз менің жұмысымнан кемшілік көрсеңіз, онда маған барлық қатаң жазаны колданыңыз, сөгісіңізді беріңіз, бірақ менің ар-ожданыма тимеңіз»,- депті. К.Меңдалиевтің өзі: «Сенің әкеңнің өрлігі одан да күшті еді»,-дейтін.
Аудан шаруашылықтарында қырық жылдан астам ұжымшар, бөлімше басқарған Е.Ниязғалиев 1972 жылы құрметті еңбек демалысына шығады. Оған облыстық дәрежедегі дербес зейнетақы тағайындалады. Ұлы Отан соғысы майдандарындағы ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен наградталса, бейбіт кездегі еселі еңбегі үшін екі мәрте «Құрмет Белгісі» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, 6 мерекелік медальмен, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен наградталған. Сондай-ақ, ол 1995 жылы Ұлы Жеңістің 50 жылдығында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хатымен қоса есімі жазылған ескерткіш қол сағатпен сыйланады. Ол 1996 жылы 85 жасында өмірден өткен. Одан он жыл кейін (2006 жылы) бүкіл саналы өмірін жас ұрпаққа білім, тәрбие беруге арнаған ұлағатты ұстаз, жеті ұл-қыз тәрбиелеген жұбайы Мұқсина Ниязғалиева да дүние салды. Газеттің осының алдындағы санында ұл-қыздары берген еске алуда: «Ардақты әкеміз бен аяулы анамыз Ермекқали мен Мұқсина Ниязғалиевтердің бақилық болғандарына біріне 20, екіншісіне 10 жыл толды. Қимас жандарды сағына еске ала отырып, олардың рухтарына төмендегі жыр шумақтарын арнаймыз» деп төрт шумақ өлең жолдарын жолдапты. Соның соңғы шумағында:
Адамзатты сұм ажал құрықтайды,
Сағынамыз жанарға тұнып қайғы.
Қос бәйтерек арадан кеткенімен,
Өркен жайған ұрпағы ұмытпайды,-
деген жолдар көп нәрседен хабар бергендей. Иә, еңбегімен елге танылған қос бәйтеректі тек ұрпақтары емес, замандастары да ұмытпайды.
Алмагүл ЗАБЕСОВА,
мұражай қызметкері.
Амантай ЖҮНІСҰЛЫ,
тарихшы-өлкетанушы.